Алматылық оқушылардың жобасы NASA-ның назарын аударды
Алматылық оқушылардың жобасы NASA агенттігі байқауында топ жарды. Жас өнертапқыштар физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды.
Ал жарысты жыл сайын АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы ұйымдастырып келеді. Ондағы ғалымдар әлемнің әр түкпірінен келіп түскен аспан әлемін зерттеуге қатысты жобалардың ішінен тек ең үздігін таңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Aenoica. 3 оқушының бірігіп жасаған жобасы осылай аталады. Айтуларынша, станция ғарышта Койпер белдеуінде орналасады. Кеменің прототипі 300 мыңға жуық адамға лайықталған. Ол жерде ауыл шаруашылығымен емін еркін айналысуға болады. Бірақ барлығы жаңа технологияға негізделген. Өнертапқыш жеткіншектердің үлкені – Райымбек Әбілбек. Жер серігін құрастыру – оның сүйікті ісі. Ол осы жобаға жетекшілік етіп, білгенін Рамазан мен Сымбатқа үйреткен.
Райымбек Әбілбек, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:
- Бүкіл ғылыми жобаны ұйымдастыруды аннотациядан бастайтынын, ресурстардың бәрін жазу керек екенін, қай тілді қолдану керек екенін және де қосымша технологиялармен таныстыратын адам мен болғанмын. Оларға әртүрлі формулаларды қолдану кезінде 3Д модель істеу кезінде сондай заттарда мен өз көмегімді беріп отырдым.
NASА ұйымдастырған халықаралық байқаудың тақырыбы – ғарышты игеру. Оған қатысу үшін өзекті ғылыми жобаларды жас өрендердің өздері ойлап табуы тиіс. Сымбат – 8-сынып оқушысы. Ол ғарышта отырып дәнді дақылдарды қалай өсіріп, оған қоса жарақат алған адамдарды 3Д моделдеу арқылы қалай емдеп алуға болатынын зерттеген. Оның жұмысы биотехнологияға негізделген.
Сымбат Барсағазы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы:
- Осы станцияда болашақ адамдар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалып, олардың қолайлы өмірлерін қамтамасыз ету үшін түрлі технологиялар іске қостық. Бізде дамыған агрокультура бар. Өсімдіктерді топырақта емес, судың ішінде өсіреміз. Осылайша, біздің станциямыз жерге тәуелсіз болып табылады.
Рамазан болса кванттық коммунакациямен айналысқан. Яғни, станция мен жер арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Жаңа технология бойынша нысан энергияны өзі өндіреді.
Рамазан Әміре, Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы:
- Біздің ғаламшарымыз – адамдар өмір сүретін жер. Койпер белдеуі болды. Біздің ойымыз, жалпы идеямыз, ғарышта сол адамдар өздері интернетпен сөйлесе алады. Қалай олар мал шаруашылығы, егін шаруашылығын дамыта алады? Койпер белдеуінде адамдар қалай өмір сүре алатынына байланысты сұрақ қойдық.
Айта кетейік, NASA Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқарма 1958 жылы құрылған. Осыған дейін талай сүбелі жаңалықтар ашты. Биыл сол NASA ұйымдастырған байқауға 30 мыңға тарта мектеп оқушысы қатысты. Осындай үлкен бәсекеде алматылық оқушылардың жұмысы 1 орынға ие болғаны қуантады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов.