Өскеменде қыздардың төбелесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жасөспірімдер арасындағы буллинг өзекті мәселеге айналып барады.
ЮНИСЕФ дерегінше, жаһандағы әрбір үшінші бала озбырлыққа душар болған. Мұның салдары қандай? Мектептегі буллингпен күресуге бола ма?
Буллинг - ағылшын тілінен аударғанда қорқыту деген мағына береді. Бірақ әдетте бұл физикалық агрессия ғана емес, психологиялық қысым, намысқа тию, ғайбат сөз тарату сияқты сипатқа ие.
Өскемендегі сауда орталығында болған оқиға есіңізде ме? Әжетханада оқушы қыздардың колледж студентіне қол жұмсап, тепкіге алғаны, тіпті шешінуге мәжбүрлегені желіде тарады. Оқиға барысын камераға түсіріп тұрған қыз кадр сыртында қалай дұрыс ұру керектігін де үйретіп тұр.
Инесса Чернышова, ШҚО Білім басқармасының басшысы:
- Қазір студент қыз сабағына барып жүр. Оған куратор берілді. Құқықтық, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ал тәртіпсіздікке жол берген оқушылар қашықтан оқиды. Иә, біреуінің анасы қалалық білім басқармасында істеді. Осы оқиғадан кейін ол өз еркімен өтініш беріп, жұмыстан кетіп жатыр. Себебі мұндай олқылыққа жол берілгесін мемлекеттік қызметкер болуға хақым жоқ дейді.
Өскемендегі аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Өкінішке орай, соңғы 10 күннің өзінде желіде бір-бірін жәбірлеген жасөспірімдердің видеосы көбейіп кетті. Алайда елімізде нақты буллинг үшін жазалау көзделмеген.
Серік Берқамалов, заңгерлер қоғамы қалалық филиалының төрағасы:
- Негізі біздің заңдарда буллинг үшін жаза көрсетілмеген. Дегенмен, оны қылмыс не әкімшілік құқықбұзушылық санатына жатқызуға болады. Біз қылмыстық жауапкершілікке тартумен ғана айналыссақ, бұл салдармен -күрес екенін білу керек. Балаларды қорғау үшін оның алдын алуға мән беру керек.
Ал психологтардың сөзінше, буллинг жасөспірімдердің қарым-қатынас орнату тәсілі. Мұны архетиптік қатынас деп атайды. Яғни топқа айналу үшін олар бір құрбанды тауып алып, ұжым болып шабуылдауды, жәбір көрсетуді мақсат тұтады.
Серікгүл Сали, отбасылық психолог:
- Бұндай соққыдан қорғану үшін ең бірінші кезекте балалар тек буллинг арқылы қарым-қатынас құрады дегенді түсіну керек. Сондықтан оларды кінәлап, жазалап солай қарап емес, олардың тәрбиесімен айналысу керек дегенді үлкендер саналы түрде ұғу керек, бірінші. Екіншіден сол сыныптың ортасында, мектептің өзінде белгілі бір іс-шара болуы керек. Ұжымды ұжымдастыруға бірлестіруге: бұл бірігіп тамақтану, мысалы, сынып оқушылары бірлесіп тамақтануға барады, бірлесіп бір іс-шараларды өткізеді.
Иә, пандемиядағы қашықтан оқыту балалардың мінез-құлқына қатты әсер етті. Шыны керек, жәбірдің небір түрін меңгеріп алғаны жаға ұстатады. Айтпақшы, былтырғы жылдың соңында оқу-ағарту министрлігі балалар буллингінің алдын алу ережесін бекітті. Бұған қоса, құқығы бұзылған бала не ата-ана өңірлердегі уәкілдерден көмек сұрай алады.
Юлия Овечкина, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
- Былтыр жергілікті омбудсмен институты да құрылды. Қазір әр аймақта бала құқығын қорғаумен айналысатын өкіл бар. Біз олармен күні-түні байланыстамыз. Құқығы бұзылған балаға қажет көмек көрсетеміз. Өкілдеріміз балалар арасындағы булингтің алдын алуға әрекет етіп жатыр.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Сондай-ақ елімізде оқу орнында не үйінде қиын жағдайға тап болған, тығырыққа тірелген балаларға арналған арнайы жобалар бар. Балақорғау телеграм чатында оқушы өзін мазалаған сұрақтарға жауап ала алады. Кеңесшімен тікелей тілдесуге мүмкіндігі бар. Былтырғы жылдың аяғынан бері 1200-ге тарта бала шағым түсірген. Олардың арасында буллинг құрбандары да кездеседі.
Психологтар буллингті баланың өзі жеңе алмайтынын айтады. Оған ересектердің көмегі керек. Лажы болса, жәбірленушіні сол ортада қалдырмауға кеңес береді.
Серікгүл Сали, отбасылық психолог:
- Буллингтің психологиялық салдары бала өз өзіне қол жұмсауға апарады ең кесапат түрі, баланың психикасының дамуында тежелу болады, яғни развитиясында торможение психикадағы. Бұл үлкен ол баланың қоғамға бір пайдалы, жақсы азамат, азаматша болып қосылуына ең бірінші кедергі болып есептеледі. Сондықтан бұл буллингтің салдары өте ауыр, өте қиын нәрсе.
ЮНИСЕФ дерегінше, әлемдегі әрбір үшінші бала буллинг кесірін көрген. Өзекті мәселені шешу үшін балалармен етене жұмыс істеу керек дейді мамандар.
Мерей Мұратханқызы, Ырыстанбек Оспанов, Жандос Битабаров