Қызылорда облысында оқушылар математика мен футболды ұштастырып жүр
Аралдың оқушылары аяқдоп әдістері арқылы математиканы меңгереді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ерекше сабақты ойлап тапқан жас ұстаз – Мұқан Төлеубаев. Тек оқушылар доп қуаламайды, есеп шығарады. Ақылмен шабуылдап, біліммен қорғанады.
Ойын басталды. Жеребе бойынша «Қыран» командасы шабуылға шықты. Төреші уақытты бақылап тұр. Қос шабуылшыға қарсы «Бүркіт» тобының 3 қорғаушысы есепті ертерек шығарып, тойтарыс беруге тырысқан еді. Алайда бұл жолы тапсырманы қырандықтар қасқағым сәтте орындап үлгерді. Ендігі үміт қақпашыда.
Мұқан Төлебаев, математика пәнінің мұғалімі:
- 2 шабуылдаушы қорғаушыдан өткеннен кейін енді қақпашымен екіге бір ойнайды. Ортақ бір есеп беріледі. Уақыт беріледі. 11 «Б» уақытынан бұрын есепті жауап беретін болса, есеп дұрыс болатын болса, 11 «А» командасы гол жіберіп алды деген есепте бір гол 11 «Б»-ға жазылады. Әрі қарай ойын барысы осылай жалғаса береді.
Әр топта 6 оқушыдан болады. Шағын футбол ережесіне сай өтетін сабаққа олар футбол жидесін киіп қатысады. Командалар алдын-ала жоспар жасап, оны жарыс барысында өзгерте де алады.
Ақгүл Көптілеуова, оқушы:
- Мысалы, мен жаңа шабуылшының рөлін ойнадым. Алдыңғы шепте тұрып. Ол бізде қарсы топтың қорғаушысына шабуыл жасайды. Қорғаушыдан шабуылшыға орын ауысқан болатынмын. Сол арқылы өзімді көрсете алдым .
Жасөспірімдер виртуалды ойындарға құмар. Білімін толықтыратын алтын уақытын онлайн ойын үшін сарп етіп жүргендер аз емес. Ал бірсарынды сабақтар оқушыларды тіпті жалықтырып жібереді. Математиканы футбол ойынымен байланыстырғандағы басты мақсатым – балалардың қызығушылығын ояту, - дейді Мұқан Төлебаев.
Мұқан Төлебаев, математика пәнінің мұғалімі:
- Біресе қозғалысқа байланысты комбинаторикаға байланысты әртүрлі тақырыптарға дайындалады. Қай есеп келетінін білмейді. Сондықтан балалар жалпылама дайындалады. Бұл жерде менде балалардың жалпылама дайындығына күш салып отырмын. Бұл жерде балалар өздігінен дайындалып отыр.
Олжас Қуанышбай, оқушы:
- Бұл әшейін ойын емес. Бұның арты ҰБТ-ға әкеледі бізді. ҰБТ-ға дайындыққа әкеледі. Сол үшін балаларда мотивация көбейеді. ҰБТ-дан жақсы балл жинап жүрмін.
25 жастағы Мұқан Төлебаевтың ұстаздық ете бастағанына небәрі 3 жыл ғана болыпты. Соңғы 2 жылдан бері оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге ерекше әдіспен даярлай бастаған. Содан бері оқушылардың тест нәтижесі де жақсарыпты. Алдағы уақытта сабақ өту әдістеріне жастар арасында танымал өзге де ойын ережелерін енгізуді жоспарлап отыр екен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.