Еліміздегі онлайн білім платформаларының табысы көбейді

Қазақстандық онлайн білім платформалары жылдық қаржы айналымын 30 млн долларға жеткізді.

Мамандар мұндай технологияға сұраныстың күрт артқанын байқап отыр. Жағдай пандемия кезінде өзгерді. Яғни қашықтан білім беру үдерісі айти сала жұмысын жетілдіруге сеп болды. Қазір еліміз бұл сала бойынша Орталық Азияда көшбасшы.  Мәселен Өзбекстанда «EdTech» өнімдерінің қаржы айналымы тек 50 мың долларды құрайды. Сондықтан көршіміз қазақстандық тәжірибені меңгеріп, қолданысқа енгізуге ниетті. Осы мақсатта «Орталық Азияның онлайн білім беру технологиялары» қауымдастығы құрылды. Оған Қазақстанның 8, ал Өзбекстанның 4 компаниясы бірікті. Тараптар алдағы уақытта онлайн білім беру бағдарламаларын бірлесіп жетілдіріп, ауқымын кеңейтпек.

Садық Шерімбек, инновациялық жобалардың кеңесшісі:

- ТМД, түркі мемлекеттерінің ішінде Қазақстан пандемия кезеңін салыстырмалы түрде аз зиянмен өткізе алды. Соның нәтижесінде Қазақстан білім технологиялары саласы өте жоғары деңгейде дамыды. Қазір Қазақстанда мемлекетпен бірлесе және жеке-дара жұмыс істейтін және әлемде экспанция жасап жатқан кемі 5-6 жоба бар. Біз Орталық Азияға білімнің, ғылымның тәжін қайтару үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Миркомол Илхомов, онлайн білім мектебінің жетекшісі:

- Біз құрған қауымдастық онлайн білім бағдарламаларын жетілдіру және ауқымын кеңейтумен айналысады. Бастысы тәжірибе алмасамыз. Ірі нарықтарға енеміз. Алдағы уақытта ұйымға Әзербайжан мен Қырғызстан қосылады. Мақсатымыз онлайн білімге қолжетімділікті арттыру.