Елде «Мектептегі шахмат» жобасы жүзеге асып жатыр
Ел мектептерінде балаларды кезең-кезеңімен шахматқа баулу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кейбір білім беру мекемелерінде бұл ойын түрі факультатив пәні ретінде енген. Балаларды оқыту үшін арнайы жабдықталған жеке кабинеттер де ашылды. Онда шахматпен бірге тоғызқұмалақты үйренуге де мүмкіндік бар.
Ұлжан шахмат ойынына осыдан 2 жыл бұрын қызығып келді. Қазір Оқушылар сарайындағы үйірмеге барып, жаттығып жүр. Болашақта отандық спортшы Жансая Әбдімәлік сияқты чемпион болғысы келеді. Шетелдік кумирі – Магнус Карлсен.
Ұлжан Тұрсынбай, қала тұрғыны:
- Менің әкем айтқан, шахматқа барсайшы деп. Миыңды жұмыс істеткізесің. Логикаң дамиды. Сосын 2021 жылы мен шахматқа бардым. Негізі басында мен қызықпадым. Бірақ бара келе, менің логикам дами бастады. Математикадан жақсы есеп шығара бастадым. Менің анам да ойнайды. Онымен де ойнап жүрмін қазір.
Шахманның шахматтағы жетістігі көп. Таяуда елордалық мектеп құрамалары арасында өткен жарыста командалық есеп бойынша 1-ші орыннан көрінді. Павлодарда да республикалық біріншілікке қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен.
Шахман Асанәлі, қала тұрғыны:
- Қызығушылық 5 жасымда болған. Ойнауды маған әкем үйретті. Бірақ қатты қызығушылық өткен жылы пайда болған. Сол кезде мен жаңа тактикаларды, позицияларды қарадым. Әр күні ойнап, түсініп жүрмін.
Жалпы шахмат елімізде факультатив пәні ретінде 2018 жылы енгізіле бастады. Пилоттық жоба сәтті болған соң, алғашында Павлодар және Шымкент қалаларында арнайы кабинеттер ашылды. Кейін барлық облыс орталығында пайда болды. Осыған байланысты 500-ден аса педагог кәсіби тұрғыда қайта даярлаудан өтуі мүмкін.
Сағдат Садықов, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры:
- Мамандар бойынша айтсақ, Шахмат федерациясымен бірге отырмыз. Өзімізде көбінесе дене шынықтыру мұғалімдері бар шахмат білетін. Сонымен қатар, бастауыш математика мұғалімдері бар. Қазір шахмат федерациясымен бірігіп, қосымша біліктілікті арттыру курсын өткіземіз. Оны біз федерациямен бірге ұйымдастырғалы жатырмыз.
Қазақстан шахмат федерациясы жоғарыда аталған спорт түрін дамыту үшін биыл өз есебінен 5 млн АҚШ долларын бөлген. Қаржы халықаралық шараларға қатысуға және жас спортшылардың талантын ашуға жұмсалады. Федерация президенті Тимур Турлов осылай дейді.
Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:
- Қазір әлемде шахматқа деген қызығушылық жоғары. Соңғы уақытта Қазақстан да осы спорт түрінің орталығына айналып келеді. Ел аумағында халықаралық жарыстар жиі өткізіліп жатыр. Дарынды жас көп. Әсіресе әйелдердің ұлттық құрамасы мықты.
Шахматтан Ұлттық мектеп лигасы өткізіліп келеді. Оған 20 өңірден орта және жоғары сынып оқушылары қатысады. Биыл тағы бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен болған Олимпиадада елордалық балалар жоғары нәтиже көрсетті. Алдағы жаз айларында елімізде алғаш рет жалпы білім беру мекемелері арасында әлем біріншілігі өтеді. Онда тек әуесқой спортшылар бағын сынай алады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Марат Диқанбаев, Ербол Даиров.