Еліміздің кардиологтары Грузияда баяндама жасады
Тбилисиде Жібек жолы елдері кардиологтарының халықаралық конференциясы өтті.
Жиында жүрек аурулары мен дерттің алдын алу мәселесі сөз болды. Испания, Германия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстаннан барған мамандар баяндама жасап, өзара тәжірибе алмасты. Жыл соңына дейін тағы осындай бірнеше басқосу ұйымдастыру жоспарланған. Соның бірі Қазақстанда өтуі тиіс. Айта кетейік, Жібек жолы кардиологтарының қауымдастығы осыдан 6 жыл бұрын Қазақстанда құрылған. Оған 9 елдің өкілі мүше.
Аян Әбдірахманов, "Қазақ аритмологтар қоғамы" РҚБ президенті:
- Менің баяндамамның тақырыбы адамның есінен танып қалуына арналды. Өйткені оның бір себебі жүрек ырғағының бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл жиі кездесетін проблема. Ол кез келген дәрігердің тәжірибесінде кездесетін жағдай дер едім. Сондықтан адамның не себептен есінен танып қалатынын анықтау керек.