Зағип және көру қабілеті нашар балаларға оқулық жетіспейді
Елімізде көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін оқушыларға оқулық жетіспейді.
Бұған тараптар түрлі уәж айтып отыр.
Бірі мемлекеттік тапсырыс аз десе, енді бірі оқулықтың жоспарға сай шығарылып жатқанын тілге тиек етті.
Дәулетхан Айжарық, оқушы:
- Мен дүниетану және жаратылыстануды оқығанды жақсы көремін. Өйткені мен оқымысты болғым келеді.
6 жасар Дәулетханның жанары суалған. Соған қарамастан, арманы асқақ. Ғалым болғысы келеді. Бұл үшін оқулықтың жеткілікті болуы маңызды. Өкінішке орай, елде ерекше балаларға арналған жаратылыстану бағытындағы кітаптар тапшы.
Ботагөз Жаманбаева, мұғалім:
- Жаратылыстану, дүниетану кітаптары жетіспегендіктен біз мына компьютерден өзіміз көрнекі құралдарын шығарамыз. Бұл жерде біз материалды өзіміз тереміз. Брайль шрифті арқылы принтерден шығарамыз. Сол құралдармен оқушылар өздері жұмыс істейді.
Астанадағы №10 мектеп-гимназияда зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған сыныптар жасақталған. Мұғалімдер шәкірттерінің қатарынан қалмай білім алуы үшін осылай амалдайды. Жалпы елімізде 4000-ға тарта көру қабілеті төмен оқушы бар. Ал арнайы мектеп кітапханалары әлі де толыға қойған жоқ.
Сәуле Төлеутаева, қазақ оқулықтарының Брайль редакторы:
- Брайль оқулығын жасау қызықты, сонымен қатар өте күрделі процесс. Өйткені оқулық балаларға бірден ұсыныла салмайды. Оқулықты саралайды, баланың мүмкіндігіне, танымдық, жастық ерекшеліктерін саралай отырып, тапсырмаларға өзгеріс енгізіледі. Сондықтан оқулықты дайындауға пән мұғалімдері, тифлопедагог редакторлар, техникалық редакторлар, теруші қатысады.
Ал елдегі жалғыз баспа Алматыда орналасқан. Оқу-ағарту министрлігінің арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бес жылда 276 оқулық әзірледі. Мамандардың сөзінше, кітаптар білім ошақтарына жергілікті атқарушы органдардың сұранысы негізінде жеткізіледі.
Роза Сүлейменова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
- Қазір бәрі инклюзивті білім беру туралы айтады. Алайда бұл үшін балаға арнайы жағдай жасау керек. Алайда қарапайым мектептің дені біз шығарған кітапты сатып алмайды. Білім басқармалары бес балаға бір кітап алады. Сосын оқулық жетіспейді деген дау шығады. Шын мәнінде оқулықтар бар. Тек мемлекеттік тапсырысты реттеу маңызды. Оның үстіне біздің салада маман тапшы.
Жалпы брайль қарпіндегі, сондай-ақ үлкейтілген әріптермен жазылған оқулықтар 2017 жылдан бастап шығарылады. Жоспар бойынша үш жыл ішінде барлық сынып қамтылуы тиіс еді. Бұл үшін жыл сайын 140 млн теңге бөлінген. Алайда оқу бағдарламаларының ауысуына байланысты кей оқулықтарды шығару шегерілді.
Алмасбек Көпаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Осы аталған 2024-2026 жылдарға арналған операциялық жұмыс жоспар бар. Осы жұмыс жоспарында химия, физика, география сынды пәндердің оқулықтарын әзірлеп шығару жоспарланып отыр. Биыл осы орталық 38 оқулықты әзірлеу үстінде.
Оқулықтың тапшылығына шығынның көптігі де себеп. Брайль қарпіндегі 1 кітапты басып шығаруға мемлекет 350 мың теңге бөледі. Арнайы қағаздың қалыңдығы бір шаршы метрге 175 грамнан кем болмауы керек. Ал қарапайым қағазға 80 грамм жеткілікті. Қалай дегенмен де құзырлы министрлік ерекше балалардың оқулықсыз қалмауына мүдделі.
Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарақойшиев, Мұрат Әріпханов