Павлодарлық оқушылар 3D атлас ойлап тапты
Оның көмегімен Баянауыл ұлттық паркінде тіршілік ететін жануарлар мен Қызыл кітапқа енген өсімдіктер туралы ақпарат алуға болады.
Жастар бұл жобаның көмегімен сирек кездесетін баянауылдық қарағай, қара қандыағаш өсімдіктері туралы мағлұмат жинаған. Басты мақсат – қоршаған ортаны зерттегісі келетін оқушыларға қолдау көрсету. Цифрлық форматтағы атлас өлкетану, биология және география пәндерінде қолданылмақ. Сонымен қатар, туристік және ғылыми сайттарда жарық көреді.
Богдан Цибрий, жоба авторы:
- Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктер туралы ақпаратты жинақтадық. Кейін олардың суреттерін 3D жасадық. Басты мақсатымыз оқушылардың қызығушылығын ояту. Ол үшін көрнекілік құралдар қолдандық.
Камилла Рахметова, жоба жетекшісі:
- Жоба арқылы өсімдіктер мен жануарлардың виртуалды сұлбасын жасадық. Ақпарат қабылдауға ыңғайлы. Атласты жасауға бірнеше ай уақыт жұмсадық. Еңбегіміз зая кетпеді. Оқушыларға ұнап жатыр.