Қостанайда жүзден жүйрік оқушылар марапатталды

Биыл қостанайлық оқушылар республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында 52 жүлделі орынды иеленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал халықаралық денгейдегі білім жарысында 16 бала жеңіс тұғырынан көрінген.  

Олардың басым бөлігі математика, механика бағытында үздік деп танылып отыр. Бүгін Қостанайда мерекелік шара барысында білім бәйгесінде жүзден жүйрік шыққандарға ақшалай сертификат пен мақтау қағаздары табыс етілді.

Марапатқа ие болғандардың бірі –  «Озат» мектебінің 10-шы сынып оқушысы Нұрхан Оразбай. Ол – математика және механика бойынша Жолдасбеков атындағы халықаралық байқаудың жеңімпазы. Егіншілік кәсіпте тиімділігі мол дронның жаңа түрін ұсынған. Нұрханның инновациялық идеясы мамандарды да қызықтырды. 

Нұрхан Оразбай, «Озат» мектебінің оқушысы:

- Дрон біздің агроөнеркәсіпте астықтың көбірек, молырақ өсуін және осы сол астықтың шығынын көбейтетін бактериялар мен зиянды ауруларды жою үшін қолданылады. Химикаттар себеді.

Бүгін сондай-ақ «Мектеп балалар көзімен» деген байқаудың қорытындысы шығарылды. Өз білім ошақтарын абаттандыру жобаларының арасынан үздік деп танылған үшеуге 3 миллион теңгеден сыйақы берілді.

Анна Лазарева, облыстық Білім басқармасының баспасөз хатшысы:

- Әрқайсысы өз жобаларын макет түрінде көрсетіп, таныстырды. Оның қажеттілігін дәлелдеуге тырысты. Жобалардың бірінде мектепте ерекше балалар мен басқа оқушылардың бірлескен демалыс аймағын жасау туралы ұсыныс болды.

Балалардың бәсекеге қабілетті терең білім алуына барынша жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Осы мақсатта алдағы 3 жылда облыста 14 заманауи жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.

Ринат Мұхаметқалиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Сонымен қатар алдағы оқу жылы 1300 бала жаңа смарт орталықта ғылыми техникалық бағыттағы үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады.

Балалардың қорғау күніне арналған мерекелік шарада жас өрендер өз өнерлерін паш етті. Бірі аспапта ойнап, ән салса, енді бірі қолөнерге қабілетін көрсетті. Асфальтта сурет салу фестиваліне мыңға тарта бала қатысты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.