Ақтауда қазақ-неміс инжиниринг институты ашылады

Ол Есенов атындағы Каспий университетінің негізінде жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы қыркүйекте білім ұясы алғашқы абитуриенттерін қабылдай бастайды. Қазақстандық студенттер энергетика, экология, логистика бойынша білім бағдарламаларын меңгере алады. Университет 5 жылда мыңнан астам студентті оқытуды жоспарлап отыр. Астанада өткен қазақ-неміс ректорлар форумының қатысушылары бұл жоба Ақтауда жасыл сутегі өндірісінде жұмыс істейтін мамандарды даярлау үшін маңызды дейді.

Еске салайық, жасыл сутегі шығаратын зауыт 2030 жылы ашылады деп жоспарланған. 

Райнер Савацки, Гамбургтегі қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры, Германия:

- Біздің мақсат қазақстандық ғалымдарға оқуға жаңа мүмкіндіктер ашып, білімімізбен бөлісу. Оларды жасыл энергетикаға қатысты тың жобаларға қатыстыру. Әлемде көміртегі бөлінісін азайту трендке айналды. Бұл қазақстандық өнімдердің өндірісін қайта қарау керек болады дегенді білдіреді. Осындай өзгерістерге дайын болу үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек деп есептеймін.