Биыл Атырау облысында жеті мектеп пайдалануға беріледі
Атырау облысында биыл 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға беріледі.
Жыл соңына дейін жалпы саны 6450 орындық жаңа білім ошақтары ашылады. Қолданысқа берілетін 5 мектеп облыс орталығында орналасқан. Құрылыс жұмыстарының жоспарға сай жүріп, нысанның уақытылы тапсырылуы қатаң бақылауға алынған. Ал келер жылы өңірде 18 білім ордасы ашылады деп жоспарланып отыр. Оның тоғызы «жайлы мектеп» жобасы аясында салынады. Осылайша 26 мыңнан астам оқушы жаңа мектепте білім алады. Сонымен қатар биыл облыста «Мектепке жол» акциясы аясында 15 мыңға жуық балаға қаржылай көмек беріледі. Киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу үшін әр балаға 40 567 теңге бөлінген. Сондай-ақ көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына қол ұшын созу үшін білім беру басқармасы меценаттар мен кәсіпкерлерге акцияға қатысу жөнінде өтініш жолдаған.
Айнагүл Дүйсекенова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұрынғы кезде білесіздер киім-кешек түрінде, оқу құралы түрінде берілсе, қазір әрбір ата-ананың жеке шотына ақшалай аударылады. Бірінші кезекте атаулы көмек алатындар және басқа да категориядағы балаларға осындай қаржылай көмек берілетін болады. Ол үшін ата-аналар құжаттарын дұрыс рәсімдеп, тиісті талапқа сай мектепке тапсыру керек. Одан бөлек жыл сайын министрліктің және республика бойынша “Мектепке жол” акциясы ұйымдастырылады.