Балабақша бағасы көңілге қонымды ма?
Соңғы төрт жылда елімізде балабақша кезегі екі есе қысқарған.
Оқу - ағарту министрлігінің мәліметінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орын тапшылығы 2028 жылға қарай толығымен шешіледі. Осы мақсатта Қызылорда облысында биыл жекеменшік 7 бөбекжай пайдалануға беріледі. Сондай-ақ демографиялық дамуы жақсы Шымкент қаласында 30 балабақша ашу жоспарланған. Ал балабақшаның бағасы ата-ананың қалтасына қолайлы ма?
Қызылорда облысында барлығы 613 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 453-і кәсіпкерлерге тиесілі. Биыл тағы жеке меншік 7 бөбекжай ашу жоспарланып отыр. Жаңа нысандар пайдалануға берілсе жыл соңына дейін 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың 90 % балабақшамен қамтылады.
Нұрлан Дәулетәлиев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда аталған мектепке дейінгі ұйымдарда 60 345 бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы қамту пайызы 88,9 пайыз болатын болса, 3-6 жас аралығындағы қамту 100% құрап отыр.
Өңірде жеке меншік балабақшалардың төлемақысы әр бала үшін 1 айға орташа есеппен 20 мың теңгені құрайды. Бұл сомма ата-аналардың орташа айлық табысы мен төлем қабілетіне байланысты есептеледі,-дейді бөбекжай басшылары.
Сейітқали Алшынбаев, балабақша құрылтайшысы:
- Осы 20 мың теңгенің орта есеппен 15 мың теңгесі баланың тамағына кетеді. Сосын баланың өзінің жазу құралдары тағы басқа құралдары болады. Солардың барлығын біз өзіміз қамтамасыз етеміз. Ата-аналардан ақша жинап, мемлекеттен оған ақша бөлінбейді. Әр балабақша өз деңгейінде қызмет жасап жатыр.
Ал Шымкент қаласындағы 596 балабақшада 66 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Тағы екі мыңға жуық бүлдіршін кезекте тұр. Білім басқармасының мәліметінше мектепке дейінгі ұйымдарға бір күндік төлемақы 686 теңгені құрайды. Алайда ата-ананың талғамына сай бөбекжайдағы баға да өзгеруі мүмкін.
Хадиша Жұрқабекова, қала тұрғыны:
- Ата-аналарда таңдау бар. Сапаға қарай мемлекеттікпен қатар жеке меншік балабақшаларда ашылған. Әрине бала саны бар сапасы бар әр жерде баға әр түрлі. Мысалы, 15 мыңнан 100 мың теңгегеден асатындары да бар. Ол ата –ананың таңдауында. Біздің Шымкентте де бар 100 мыңдық балабақшалар.
Ақманар Ибраимова, қала тұрғыны:
- Үкіметтікі болған жағдайда онда жауапкершілік болады. Сол себептен мен кезекке тұрсамда немерелерімді құдай қаласа көбіне мемлекеттік мекемелерді таңдайтын едім.
Білім басқармасы халық санын ескере отырып кезекті азайту мен балабақшадағы білім беру жүйесін дамытудың 2029 жылға дейінгі жол картасын әзірледі. Жоспар бойынша жекеменшік бөбекжайларға мемлекеттік тапсырыс аясы ұлғайды. Жан басына қаржыландыру жобасы арқылы тағы 3 мың орынға бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл өз кезегінде жаңа балабақшалардың ашылуына мүмкіндік берді.
Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жаңадан ашылған балабақшалардағы бос орындарға мемлекет тарапынан тапсырыс конкурсын бүгін ертең аяқталады. 30 балабақша тағы да қосылғалы отыр. 30 балабақшаның өзі жаңадан қосылып отырған балалардың қамтылуын жоғары деңгейге өсіреді деген сөз.
Басқарма басшысының сөзінше жаңа оқу жылынан бастап балабақшаларда «Дана бала» жобасы іске қосылмақ. Яғни әр баларының қызығушылығы мен ерекшеліктері ескеріліп, ұлттық құндылықтарға басымдық берілмек. Сондай-ақ аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды мемлекеттік бөбекжайларға тегін қабылдау басталып кетті.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов