Павлодар облысында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен бес мектеп салынады
Павлодар облысында алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы арқылы 5 мың 400 орындық 5 мектеп салынады.
Қазір облыс бойынша 40 білім ордасында, күрделі жөндеу жүріп жатыр. Өңірде демеушілік қаражат есебінен, апатты мектептердің орнына 3 білім ошағының құрылысы басталған.
Павлодар ауданына қарайтын Заңғар ауылындағы 11 жылдық мектептің іргетасы қаланғанына 60 жылға таяған. Оқу ордасы биыл алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Қазір барлық жұмыстар аяқталды. Демек, 130 оқушы 1 қыркүйекті жаңарған мектепте қарсы алады. Сәуірдің 15-інде басталған құрылыс жұмыстары шілденің 15-де толық аяқталған.
Сайлау Шаненов, Заңғар орта мектебінің директоры:
- Біздің мектебіміз 1966 жылы салынған 90 оқушыға. Бізде қазір 130 оқушы оқиды екі ауысымда. Сол енді 66-жылдан бастап міне күрделі жөндеу жаңа өткізіліп жатыр.
Өңірде үш ауысымдық мектептер жоқ. Апатты деп танылған үш мектеп бұзылып, орнына жаңа білім ошақтары бой көтеріп жатыр. Ал облыс орталығындағы №2 мектептің іргетасы 80-жылдары қаланған. Тозығы жеткен ғимарат биыл адам танымастай өзгерді.
Марат Әліпбаев, мердігер компания өкілі:
- Биыл мына екінші мектепте жұмыс бастадық. Үлкен жұмыс, үш қабатты мектеп. Ауқымы үлкен. Үш ай мерзім берілді. Сол үш айдың ішіне біз үлгеріп жатырмыз. Бүгінгі күнде барлық жұмыстар атқарылды. Енді бүгінгі күнде бізде қалған жұмыстар линолеумды тосып отырмыз. Линолеум өйткені шетелден келеді.
Үш қабатты ғимаратты жуып шаюға да уақыт қажет. Қазір құрылыс қалдықтары шығарылып, шаң-тозаң басқан бөлмелер тазартылып жатыр. Уақыт тығыз. Сондықтан бақылау да күшейе түскен.
- Жұмыс қарқыны өте жоғары. Осы келесі аптаның аяғына дейін асханадағы жұмыстарды аяқтаймыз. Оқушылар бірінші қыркүйекте оқу орындарына келеді.
Бұл оқу ордасы облыстық «Заманауи мектеп» бағдарламасына енген. Жобаға сай спорт залы, асхана, акт залына жаңашылдықтар енгізіліпті.
Сәкен Төлегенов, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Бүгінгі күнге 10 мектебі дайын. Қалған 20-дан аса мектептің жұмыстары жүргізілуде. Бірінші қыркүйекке дейін білім ошақтарының жұмыстарын толық аяқтаймыз.
Замануи мектеп жобасы білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған. Ал «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 5 жаңа іргесі қаланады.
Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат