Ұлытау облысында 47 оқу орнын жөндеуге екі миллиард теңге бөлінді

Бұл қаржыға мектептер мен колледждер жаңартылып ғана қоймай, заманауи қондырғылар сатып алынады.

Облыс әкімі тамыз кеңесінде білім саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

Бұл ақылды ферма жобасының макеті. Оның авторы – жоғары сынып оқушысы Назерке Абжамал. Ол заманауи технологияны қолдана отырып, жануарларды баптау үдерісін қалай автоматтандыруға болатынын біледі. Жас өнертапқыш мобильді қосымша арқылы жануарларды қоректендіруге, суаруға және күтім жасауға болады дейді.

Назерке Абжамал, оқушы:

- Менің есептеуім бойынша бұл жобаға негізінен 32 млн кетеді. Бірақ кетіргеніңізбен, 1 жылдың ішінде бизнес жасау арқылы ақтай аласыз. Яғни ол келесі жылдары, 2 жыл көлемінде кетірген ақшаңыздан көбірек аласыз.

Жергілікті билік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отыр. Биыл мектептерде заманауи турникеттер мен бейнебақылау камераларын орнатуға 145 миллион теңге қаржы бөлінді. Оқушы орындарының тапшылығы мәселесі де біртіндеп шешілуде

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:

- "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы шеңберінде өңірімізде 6 мектеп салынады. Соның алғашқы құрылысы биыл Қабанбай шағын ауданында 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Сондай-ақ 80 орындық 2 мектеп құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ол Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданының Мыңадыр станциясында.

Келесі жылдан бастап облыста жаңа техникалық университет жұмыс істей бастайды. Ол әзірге колледж ғимаратында орналасады. 30 гектар жердегі заманауи нысанды жергілікті билік үш жыл ішінде тапсырамыз деп уәде берді. Аймақ басшылығы балаларды мектепке тасымалдау ісіне де қолғабыс етеді. Биыл 522 миллион теңгеге 10 автобус сатып алынды. Келесі жылы тағы осынша көлік алу жоспарланып отыр.

Достық Талғатұлы, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева