Алматы облысында мектептер Білім инновация лицейлерімен бірлесіп жұмыс істейді
Алматы облысындағы 50 мектеп білім сапасын арттыру үшін Білім инновация лицейлерімен бірлесіп жұмыс істейді.
Бұл мақсатқа облыс әкімдігі 756 миллион теңге қаражат бөліп отыр. Аймақта «50 табысты мектеп» жобасы қолға алынған.
Алматы облысы ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі биыл «Инновациялық білім технологиялары» тақырыбына арналды. Себебі ілгері әдістер мен тиімді тәсілдерсіз білімде озық болу мүмкін емес. Алайда бағдар болар бірізділік болмаса, бәрі бекер. Сондықтан оқу-ағарту министрлігі білім беру технологиялары бойынша ортақ әдістемелер дайындамақ.
Ақзира Қасымова, ҚР оқу-ағарту министрлігі департамент басшысының орынбасары:
- Алдағы уақытта біз Ыбырай Алтынсарин атындағы академиясында осы жұмысты бірізділендіру үшін арнайы зертханалар ашылатын болады. Жаңа технологиялар арқылы білім сапасын арттыруға мән беретін боламыз. Біз мұғалімдерге республикалық деңгейден бастап облыстық мектеп деңгейне дейін түсіп, әдістемелік көмектерді көрсетуіміз қажет.
Алматы облысында қазір 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың 9-ы бірінші қыркүйекте қолданысқа беріледі. Мектебі жоқ елдімекендердегі оқушыларды тасымалдау үшін лизинг арқылы 36 автобус сатып алынған. Ал үшауысымды мектеп мәселесі кезең кезеңімен шешіледі.
Салтанат Беспаева, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Президенттің «Жайлы мектеп» жобасы. Осы жоба арқылы Алматы облысында 53 жаңа мектеп салынатын болады. Оның 26-сы биылғы жылы бастап кетті құрылысын. 53 мектептің барылығы толыққанды салынып біткен жағдайда ғана үшауысымдылықтың өзектілігін шеше аламыз.
Биыл аймақта 12 мың түлектің 600-ден астамы алтын белгі иегері атанған. Бітірушілердің 45 проценті мемлекеттік білім грантқа қол жеткізді. Енді білім инновация лицейлерінің тәжірибесі аймақтың білім көрсеткішін арттыратынына сенім мол.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев