Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілді

Биыл 18 білім ордасы салынып, жаңа оқу жылынан бастап екі ауысымға көшуге жағдай жасалды.

Бұл туралы педагогтардың дәстүрлі басқосуында айтылды. Ұстаздардың алдында тұрған ендігі міндет білім сапасын арттырып, сандық жүйеге басымдық беру.

Шымкенттегі №65 мектеп-гимназиясында 600 орынға лайықталған жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Қыркүйекте алқашқы қоңырау соғылады. Заманауи үлгіде салынып, соңғы технологиялық жабдықтармен қамтылды. 

Раушан Балтабекова, мектеп директорының орынбасары:

- Оқушылардың жеке кабинетте ғылыми жобамен айналысуына, мұғалімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға жеке кабинеттер беріліп жатыр. Бұл біз үшін үлкен мүміндіктер.

«Білім саласындағы цифрлық технология» тақырыбын тамыз кеңесінде Шымкент педагогтары талқылады. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттерді жүктеді. Саланы сандық жүйеге көшіру бағытында Шымкент республикалық көрсеткіште көш басынан көрінді. 

Мұхтар Ілиясов, "Күнделік" жобасының бас директоры:

- Күнделік жүйесін пайдалану бойынша бірінші орында бүкіл республика бойынша. Сосын мұғалімдердің цифрлық сауаттылығы жағынан ең бірінші орында және де мектеп мәзірін толтыру жағынан, тамақтану жағынан толықтай цифрландырылған аймақ деп атауға болады. 

Қазір қаладағы 21 мыңнан астам мұғалімнің 62 % жоғары санатты.  Сондықтан Білім басқармасы педагогтардың біліктілігін жетілдіруге күш жұмсамақ. Қала әкімі жаңа оқу жылының бағыт-бағдарын айқындаған ұстаздарға сәттілік тіледі. 

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Жаңа оқу жылында білім саласына қойылатын мақсат-міндеттер өте жоғары. Барлығымыз бір болып, осы талаптарды абыроймен атқаруға шақырамын. 

Конференцияға жаңашыл педагогтар, білім беру ұйымдарының үздік жетекшілері, сарапшылар мен ата-аналар қауымының өкілдері қатысты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов