Жетісуда мектептер мен балалар үйіне жаңа автобустар табысталды
Жетісу облысындағы мектептер мен Талдықорғандағы балалар үйіне білім күні қарсаңында жаңа 7 автобустың кілті табыс етілді.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді. Соңғы үлгідегі қауіпсіздік құрылғыларымен жабдықталған 40 орындық бұл көліктер Кербұлақ, Сарқан және Алакөл, Панфилов сияқты шалғай аудандардағы білім ошақтарына жөнелтілді. Жыл соңына дейін тағы бес автобус сатып алынады. Қазір Жетісу облысындағы барлық елді мекенде оқушылар тасымалы ұйымдастырылған. Өңірде 2 мыңға жуық оқушы мектепке осындай арнайы көліктермен қатынап оқиды.
Марат Сүлейменов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- 69 елді мекенде бізде тасымалдау ұйымдастырылған. 1700-ге жуық оқушы тасымалданады. Негізінен барлық жерде көліктері бар. Бірақ шетінен ескіріп, тозығы жеткен көліктерді біртіндеп, қадамдап осы жаңа автобустармен алмастырып жатырмыз.
Жадыра Сейсенбаева, балаларды қолдау орталығының директоры:
- Біз үшін биылғы оқу жылы жақсы жаңалықпен басталып отыр. Мінеки, біздің орталыққа жаңа автобус беріп жатыр. Бұл автобустың ерекшелігі ішінде бейнебақылауы бар. Балалардың жаңағы қорғайтын белдігі бар. Артқы жағында авариялық шығатын есігі бар екен. Мүгедек балаларды да арбамен кіргізе алады екенбіз. Біз өте қуаныштымыз!