«Ұлт мақтанышы». Атыраулық студент халықаралық сайыста топ жарды

с

Ол 32 елдің өкілі қатысқан додада «СИЭЙДИ инженерлік графика» бағыты бойынша «Үздік маман», «Ұлт мақтанышы» аталымында жеңімпаз атанды.

Ерасыл инженерлік графикаға колледж қабырғасында жүріп-ақ ден қоя бастады. Төртінші курс студенті «3D-модельдеу мен инженерлік графиканы» бастан-аяқ меңгеріп алған. Білімі арқасында биыл халықаралық додаға аттанып, бірден топ жарды.

Ерасыл Бағытжан, студент:

- Менің таңдаған салам – өндірістік-техникалық жаққа бағыт аударады. Қазақстан – әлі жас мемлекет. Яғни өндірістік технологиялар енді-енді дамып жатыр. Әр түрлі зауыттар енді ашылып жатыр. Ол жерлерге біз сияқты инженерлер, 3D-модель сызатын мамандар өте көп керек болады. Сол себепті осы чемпионатқа қатысу арқылы бәсекеге төзімді және талантты, шет елдердегі жас мамандармен таласа алатын маман дайын шығаруға болады.

Ерасыл ұлттық құрамаға іріктеу кезеңін Қостанайда өтті. Бұған екі ай уақытын жұмсады. Одан кейін жетекшісімен бірге ұлттық чемпионатқа дайындалып, биіктен көрінді. Ал халықаралық додада ел намысын қорғау бақыты бұйырғанын естігенде, тез арада ағылшын тілін үйреніп алды.

Нұрасыл Мұқанғалиев, өндірістік оқыту шебері:

- Әртүрлі курстар оқыдық. Еуропалық стандарт бойынша чертеж сызудың курстарын оқыдық. Сол стандартты білу, сонымен сызба сызу – шешуші кезеңнің бірі болды. Тек біздің ғана жұмыс емес, бұл көп адамның жеңісі.

Ерасыл өзі секілді жастардың да 3D-модельдеуге қызығушылығын оятуда тынбай еңбек етіп жүр. Себебі білген-түйгені көп. «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығында оқитын студент өзін жан-жақты дамытудан да жалықпайды.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин, «Хабар-24», Атырау.