Жасанды интеллект қазақ тілінде сөйлеуі мүмкін
Қазақ тілі Google, Microsoft компаниялары әзірлеп жатқан жасанды интеллектке енуі мүмкін.
Мұны Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында Ғылым және жоғары білім министрі айтты. Саясат Нұрбек: «Кез келген тілдің болашағы цифрлық жүйемен байланысты», - деді.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяның 32-ші сессиясында және Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру жайы пысықталды. Соның бірі – білім-ғылым. Министр Саясат Нұрбек 7 жылға арналған тұжырымдама әзірленгенін айтты. 5 бағыттан тұратын құжатта цифрлық жүйеге басымдық берілген.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Біздің арнайы ғылыми-зерттеу институтымыз бар «Тіл қазына» деген. Сол институт біздің лингвистикалық корпусты пысықтап жатыр. Назарбаев университетінің бастаған үлкен жұмысы бар, сол лингвистикалық корпусты толық цифрлық форматқа көшіріп жатыр. Google, Microsoft компанияларымен біз қазір келісіп жатырмыз. Қазақ тілі солардың виртуалды көмекшілері, солардың қазіргі жасап жатқан интеллектерінің ішінде болуы керек.