Ақмола облысында білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік тексерілді
Ақмола облысында білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шаралары тексерілді.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері оқу орындарындағы бейнебақылау камералары мен дабыл түймелерінің техникалық жағдайымен танысты. Тексеру нәтижесінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін мектептер анықталды.
Облыс орталығындағы №6 мектепте екі мыңнан астам бала білім алады. Қазір білім ошағында қауіпсіздік шарасы күшейтілген. Жалпы есепте 66 камера орнатылған.
Александра Наумова, № 6 мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы:
- Оның 26-сы мектеп сыртындағы камера. Оның бәрі жедел басқару орталығына қосылған. Бұдан бөлек, мектеп ішінде тағы 40 камера бар. Осы бейнебақылау камералары арқылы қауіпсіздікті екі күзетші бақылайды. Сондай-ақ, ескі корпусқа оқушылар өздерінің арнайы жасалған карточкалары арқылы кірсе, жаңа оқу корпусына биометрия, яғни бет-әлпетін сканерлеу арқылы өтеді.
Биыл аймақтағы білім ошақтарына бір мыңға жуық камера мен 30-ға жуық турникет орнатылған. Ендігі кезекте оқу орындарындағы күзет мәселесін ретке келтіру қажет.
Шоқан Оразалин, облыстық білім беру басқармасының басшысы:
- Ешкімге секрет емес күзетте үлкен жастағы зейнеткерлердің отырғандығы. Біз конкурс жариялағанда техспецификаға соның бәрін жазамыз. Бірақ ол талаптар орындалмай жатыр. Себебі конкурста ақшасын түсіріп, жалақылары аз болады. Бірақ осы отырған адамдарға біз өз талаптарымызды қойып, оның орындалуын қадалағап отырамыз.
Бүгінде аймақтағы білім беру мекемелері бейнебақылау камерасымен толықтай қамтылған. Десе де, оның көбі ескіріп, жедел басқару орталығына қосылмаған.
Нұрсұлтан Мұқашев, облыстық полиция департаментінің бастығы:
- Бізде бейнебақылау камерасының мәселесі әлі өзекті. Мәселен, кей білім ошақтарындағы камералар өте ескіріп, істен шығуға шақ тұр. Екінші мәселе - дабыл қағу жүйесі. Бірқатар аудандағы ұялы байланыстың нашарлығына байланысты дабыл түймелері істемей жатады. Ондай білім ошақтарына бірден біздің жергілікті тәртіп сақшысына хабар береді.
Иә, қазіргі таңда аймақтағы мектептердің тек 73 пайызы ғана дабыл қағу жүйесімен қамтамасыз етілген. Осы ретте келер жылы тағы 90 дабыл түймесін орнату көзделіп отыр. Жалпы тексеріс нәтижесінде қауіпсіздік ережесін сақтамаған 200-ден астам балабақша мен 10 колледж анықталды. Енді осы оқу орындарының басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный