Ғалымдар: Каспий қазіргіден 18 метрге дейін тартылуы мүмкін
Елімізде Каспий теңізін зерттейтін ғылыми-зерттеу институты құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл жаңалықты аймақ жұртшылығы 2 жыл күтті. Есіңізге сала кетейік, Президент 2021 жылы Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Каспийді кешенді зерттеумен айналысатын мемлекеттік институт құруды тапсырған болатын.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Біз 1-шағын аудан жағалауындамыз. Қазір қалың қамыс басқан аумақты бұрын теңіз толқыны шайып жататын. Енді Каспийдің терең жеріне бару үшін шамамен 100 метрдей жер жүру керек. Соңғы жылдары теңіздің қаншалықты тартылғанын осыдан-ақ көруге болады.
Эколог Кирилл Осин Маңғыстаудағы экологиялық мәселелердің шешуге белсене атсалысып жүр. Оның айтуынша, Каспийдің тартылу себептерін кешенді зерттеу қажеттігі туралы бастама аймақта алғаш рет 2012 жылы көтерілген.
Кирилл Осин, эколог:
- 1979 жылдары Каспий теңізі Балтық жүйесі бойынша жағалаудан 29 метр қашықтыққа шегініп кеткен. Судың қазіргі деңгейі сол көрсеткішке жақын, яғни 28,5 метрге дейін тартылғаны анықталды. Өзекті мәселені шешу жолында елімізде ғылыми институт құрылуына қуаныштымын. Енді халықаралық ғылыми қауымдастықтармен бірлесе жұмыс жасаларына сенемін.
Голланд және неміс ғалымдары 2100 жылға қарай Каспий қазіргіден 18 метрге дейін тартылуы мүмкін дейді. Бұл өзгеріс теңіздің биоортасына орасан залал әкелуі ықтимал екендігін айтады. Болжамды пікірмен қазақстандық эколог Әсел Тасмағанбетова да келіседі. Ол басқаратын ғылыми институт базасында 2019 жылы Каспий эндемигін зерттеу орталығы құрылғаны мәлім. Ақтаудағы орталық қызметкерлері су айдынында 7 рет экспедициялық зерттеу жүргізген.
Әсел Тасмағамбетова, Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының негізін қалаушы:
- Экспедициялық зерттеу жұмыстарының қорытындысы Каспий итбалығының Қазақстанның қызыл кітабына қосылуына себепкер болды деп айта аламыз. Біздің ғылыми қызметкерлер Каспий мәселелерін зерттеу институтымен бірлесе жұмыс жасауға дайын.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жаңа институттың қызметі 2 негізгі бағыт бойынша жалғасады.
Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жаңа ғылыми институт құрылады. Оның атқаратын қызметі Каспийдің экологиялық проблемаларын, атап айтсақ, деңгейінің төмендеуіне, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуына, олардың популяциясын сақтап қалуға қатысты болады. Сонымен қатар теңіз жағасындағы мемлекеттердегі әріптестерімізбен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталады.
Белгілі болғандай, мемлекет Каспий теңізін зерттейтін ғылыми-зерттеу институтының жарғылық капиталын толықтай қамтамасыз етеді. Осы мақсатта қазынадан 300 млн теңге жұмсау жоспарланған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.