Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Павлодарға барды
Биыл елімізде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды.
Ол адами және ұлттық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеуді қамтамасыз етеді. Қоғамда белең алған буллинг, суицид және балалар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін ата-ана жауапкершілігі маңызды. Павлодарға жұмыс сапарымен барған Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі тарапынан атқарылып жатқан негізгі міндеттерге тоқталды. Жиынға қатысушылардың ұсынысын тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Павлодар өңірінің білім саласына мемлекет тарапынан берілетін қаржы көлемі екі есеге артқан. Бұған дейін 100 миллиард теңге босла, алдағы үш жылға 240 миллиард теңге бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, елімізде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. Павлодар облысында бұл мәселе толыққанды шешілген. Дегенмен, тегін берілетін тамақтың сапасында кемшіліктер табылған.
Ғани Бейсембаев, оқу - ағарту министрі:
- Балалар тамағының сапасын арттыруға қатысты Оқу - ағарту министрлігімен Денсаулық министрлігі тарапынан тиісті жеті заңнамалық актілерге талапты күшейтуге қатысты өзгерістер енгізілді. Бірақ әлде де кейбір мектептерде осы ыстық тамақты ұйымдастырушы кәсіпкерлер тарапынан ол талаптарды толыққанды орындамау мәселесін біз көріп отырмыз. Ол осы өңір тұрғындарының шағым-талаптары, арыздары арқылы байқалып отыр.
Ғани Бейсенбаев бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтып отырған ұйымдарға талапты күшейтуді тапсырды. Оқушылардың қауіпсіздігі де басты назарда болуы тиіс.
Ғани Бейсембаев, оқу - ағарту министрі:
- Бүкіл мектептер бүгінгі күні тиісті қауіпсіздік жабдықтарымен толыққанды жабдықталды. Енді ары қарай бұл мәселені күшейту үшін мына камералар мәселесіндегі оның аналоговый жобасынан жаңағы цифрлық түріне көшіру мәселесін де қолға алуымыз керек.
Бұл бағытта біраз жоспар бар. Мектеп камераларын жедел басқару орталықтарына тіркеу. Күзетті қамтамасыз ететін мекемелерге қатаң талап қою. Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер де енгізілген. Жиынға қатысушы педагогтардың бірі мектеп психологтарының санын көбейтуді ұсынды.
Ғани Бейсембаев, оқу - ағарту министрі:
- Бүгінгі жиында көтерілген мен үшін ең үлкен мәселе бүгінгі қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіздік мәселелер, буллингке қатысты немесе суицидке қатысты немесе жаңағы балалар арасындағы қылмыс, балаларға қарсы қылмыс мәселесінде біздің жалпы білім мекемелерінде тәрбие жұмысын күшейту қажеттілігі және бұл бағытта ата-аналардың да білім-біліктілігін бұл бағытта арттыру өте үлкен үлес-көмек екенін байқап отырмыз.
Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігімен біртұтас тәрбие бағдарламасы қабылданып, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық әр ата-анаға кәсіби тұрғыдан көмек көрсетеді. Ғани Бейсембаев сондай-ақ спорт пен білімде топ жарған Екібастұздың үздік оқушыларымен кездесті.
Аружан Нығыбаева, оқушы:
- Дебатты мектептерге пән ретінде енгізу туралы ой жиі талқыланып жатады. Мен сол талқылауға байланысты министрдің өз пікірін білдім. Министрдің ойынша, оның айтқан жауабы бойынша мектептердегі пәндерді көбейте берудің қажеті жоқ. Яғни оны сабақтан тыс қосымша ретінде қалауы бойынша барған дұрыс.
Педагог мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, оқушыларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау бағытында мемлекет зор міндеттемелерді орындап жатыр. Біздің міндетіміз - сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу - деді жиынды қортындылаған еліміздің бас ұстазы.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев