Ғалымдар жарнаманы сауатты жазуға көмектеседі
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары қазақша сауатты жарнама жазуға көмектесуге дайын.
Бұл туралы Алматыда өткен «Қазақстандағы ұлттық жарнама тілін қалыптастыру және цифрландыру» атты конференцияда айтылды. Бүгінде институт мамандары елімізде сауда-саттыққа қатысты мәтіндерді жинақтап, электронды базаға енгізуде. Онымен «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» сайтынан танысуға болады. Бұл жарнама берушіге, PR-шылармен, копирайтерлерге қосымша көмек құралы болмақ. Калька күйіндегі жарнамаларды азайтып, ұлттық нақыштағы әсерлі әрі сауатты ақпарат беруге септігін тигізеді.
Айман Жаңабекова, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі:
- Бұл қосымшаны жарнама берушілер пайдалана алады. Ол жерде жарнамаға қолданылатын модельдер болады. Жарнама тілінде көп кездесетін сөздердің дереккөзі болады. Сонда жарнамалаушы өзі жарнамасын берер кезде арнайы бір модельдерді, формулаларды көреді ол жерден.