Елордада тропикалық балықтар өсіріліп жатыр
Отандық ғалымдар тропикалық балықтарды жерсіндіре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ихтиологтары африкалық кларий жайыны мен австралиялық көк шаян өсіріп жатыр. Су жәндіктерін биотехнологиялық тәсілмен көбейтуді қолға алған.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Бұл – австралиялық көк шаяндар. Тиімділігі сол, 6 айда жарты келі өнім береді екен. Яғни, тез өседі.
Кларий жайыны Африка мен Таяу Шығыс және бірқатар Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекетінде кездеседі. Қазір бұл су жәндігі қоңыржай аймақтарда жерсіне бастаған. Көбіне өнеркәсіптік нысандарда өсіріледі. Ал отандық ғалымдар балықтың бұл түрін жылы ғимарат ішіндегі жасанды тоғандарда көбейтіп жатыр. Ондағы судың өзін тыңайтқыш ретінде пайдаланады.
Қуаныш Сыздықов, «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
- Біріншіден, біз балықты өсіреміз. Екіншіден, көкеніс өнімдерін аламыз. Ол қалай десеңіз. Балық өмір сүрген суда көптеген органикалық заттар болады. Оны біз өсімдік тамырларына жібереміз. Сол арқылы өсіп-өніп, тамыр арқылы суды тазартып, қайта балықтарға таза су береді. Әр адам кішкентай ғана аймақта балық өсіре алады.
Ғалымдар жайын балық пен көк шаянның өнімділігі мол деп отыр. Ал бұларды шетелден сатып алсақ, қалтаны қағады. Сондықтан отандық ихтиологтар шабақтарды өздерінің ойлап тапқан әдісімен көбейтуді қолға алған. Әрі балық қорегін де өздері дайындайды. Мамандар елде тауарлық балық өндірісін кеңейтуге мүмкіндік бар дейді.
Сәтбек Аңсар, магистрант:
- Келешекте 20-30 жылда балық популяциясын сақтап, молайта түсіп, жаңа мүмкіндік ашуға мақсат қойдым. Мен балықтардың қоректену спектрлерін зерттеймін. Қазақстандағы біздің шаруалар қоректі басқа елден алып, асырап отыр. Ал біз өз қорегімізді шығарып, кешенді дамытуға мақсат қойып отырмыз.
Мамандар елімізде балық шарушылығының болашағы зор екенін айтады. Мәселен, қазір көл шаруашылығына көңіл бөліне бастаған. Онда шетелдік таңсық балықтарды өсіруге болады. Алайда ихтиолог маманы тапшы. Биыл салаға бөлінген 120 мемлекеттік грант игерілмеген. Мұндағы балық шаруашылығы факультетіне бар болғаны 4 талапкер ғана түсіпті.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов.