Елімізде ауыл мектептерінің республикалық олимпиадасы басталды
Елде тұңғыш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған 90 мыңға жуық оқушы қатысады. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Ақтық сынға мыңға жуық бала іріктеледі. 9-11 сынып оқушылары 13 пән бойынша білімін сынайды. 3-ші кезең қорытындысы көктемде мәлім болады деп күтіліп отыр.
Негізгі мақсат – ауыл мектептерінің қабілетін анықтап, қолдау көрсету. Тест онлайн форматта өтеді. Оқушының әрекеті бейнебақылау камерасымен қадағаланады және қазылар алқасына олардың аты-жөні жасырылады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бұл – ауыл мектептеріндегі біздің оқушыларымызға тең мүмкіндік тудырту, және олардың да білімін ашық көрсетуге жағдай жасау, мотивация беру. Біздің ең жетістігіміз – болашақта осы олимпиаданың негізінде ауыл мектептерінен шыққан республикалық олимпиада жеңімпаздарын арнайы дайындықтан өткізіп, олардың да халықаралық олимпиадаға қатысуға мүмкіндігін арттыру.
Ғажденбек Тұрсынов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:
- Оқыту бағдарламасы әртүрлі болғандықтан, ауылдың балаларының республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне өтуге мүмкіндігі болмай жатады. Осыны болдырмас мақсатында тұңғыш рет ауыл балаларына арналған осындай олимпиаданы өткізіп отырмыз. Жалпы әрбір финалист баланы оқу-жаттықтыру жиынына шақырып, сырттай оқу мектептеріне шақырамыз.