Балабақша педагогтары жаңа технологияны меңгерді
Алматының мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтары халықаралық тәжірибені меңгерді.
Бір жарым айға созылған курсқа қаладағы 200-ге жуық балабақшаның екі мыңнан астам қызметкері қатысты. Бала-біздің болашағымыз. Сондықтан курсқа қатысушылар білім берудің заманауи технологиялары және бүлдіршіндерді ерте жастан дамытудың әдістемелерімен танысты. Балалық шақты цифрландыру жайы сөз болды. Педагогтар мен тәрбиешілерге отандық және Германия, АҚШ, Финляндия, Израиль, Швеция мен Ресейлік мамандар дәріс оқыды. Тағылымдама соңында педагогтар авторлық бағдарлама жасап, үздік 10 жобаның авторы Ресейде біліктілігін арттырып қайтты. Қалалық әкімдіктің қолдауымен өткен іс-шараның мақсаты балабақшаларда жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейін арттыру.
Светлана Кузьмина, балабақшаның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Мысалы біз үш түрлі жаттығу жасаймыз. Еңбектеу, доппен жаттығу және тепе теңдікті сақтау. Ал ресейлік тәрбиешілер алты түрлі секіру жаттығуын жасайды екен. Бір зал тек қана секіру құрылғыларымен жабдықталған. Ол балалардың дамуына үлкен күш береді. Осындай ерекшеліктердің барлығын салыстырдық.
Раушан Тумаева, қалалық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың бөлім басшысы:
- Бұл біліктілікті арттыру курсының бір ерекшелігі - тек балабақшаның тәрбиешілерін ғана емес, тәрбиеленушілермен жұмыс жасайтын педагог, психолог, дене шынықтыру нұсқаушысы, музыка жетекшісі, қазақ тілі оқытушылары барлық балабақшада қызмет жасайтын педагогтармен бірлескен, ұйымдасқан сабақтастық ретінде жүргізіліп отырған курс болды.