Қостанайдағы конференцияда агроғылымды дамыту талқыланды
Агроғылымды дамыту және оны ауыл шаруашылығында қолдану.
Мемлекет басшысы биылғы жолдауында осындай міндет жүктеді.
Қостанайда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда тапсырманы орындау жолы талқыланды. Келелі жиында бас қосқан отандық, шетелдік ғалымдар түрлі салада заманауи технологияны енгізу тәжірибесімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.
Академик Зұлқарнай Алдамжардың құрметіне ұйымдастырылған халықаралық конференцияға Қазақстан, Ресей, Түркия, Литва, Қырғызстан елдерінің ғалымдары қатысты. Жиынға шетелдіктердің қызығушылық танытуы бекер емес. Қазір Қазақстан цифрлық даму деңгейі бойынша ТМД-да көш бастап тұр. Техника ғылымының докторы, академик Мәлік Баймұхамедовтың өндірістік процестерді цифрландыру, роботтандыру тақырыбын зерттеп жүргеніне отыз жылдан асты. Талай еңбегі ғылыми ортада жоғары бағаланған. Соңғы жобасы робот менеджер деп аталады. Жасанды интеллект адам араласпай-ақ өндірістік технологиядағы ақау, кемшілікті өзі анықтайды.
Мәлік Баймұхамедов, академик:
- Робот менеджер қандай бір ақау туралы ақпаратты өңдеп қана қоймайды, оны қалай жою қажеттігін де көрсетіп береді. Уақыт, басқа да шығынға үлкен үнем. Егер робот менеджерді өндіріске енгізсе, онда біздің есебімізше тек Қостанай облысы бойынша экономикалық тиімділік 10 миллиард теңгеден асады.
Әзірге бұл жоба қағаз жүзінде. Оны жетілдіру үшін кемі 20 миллион теңге қажет. Қостанайлық ғалым мемлекеттік грантқа үміт артып отыр. Жас студенттердің де жұртты қызықтырған инновациялық шешімдері бар. Мысалы Аңсаған Естияровтың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ІТ жобасы арнайы тапсырыспен дайындалды.
Аңсаған Естияров, студент:
- Бір үлкен грузовик бұрылса, Газел немесе Камаз бұрылса, біз мынау потокты көрмей қаламыз, солға бұрылған кезде, біздің жоба арқылы, мынау экранға қарап, қауіпсіз өтуге болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қазір ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге деген ұмтылыс жоғары. Биыл қостанайлық ғалымдар мал азығына қосатын жаңа дәрумен ойлап тапты. Оны үш айы бойы бір шаруашылықта сынақтан өткізді. Нәтижесі мамандардың көңілінен шықты.
Наталья Папуша, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
- Біз бір табын малды жеке алып, сынап көрдік. Биологиялық қоспа берілген сиырлардан басқаларға қарағанда 3-4 келі артық сүт алынды. Және олардан іш тастау байқалған жоқ. Енді жаңа өнімді заңдастырып, патент алу қалып отыр.
Халықаралық конференцияға қатысушылар жеке секцияларға бөлініп, осындай ғылыми тың жаңалықтарын жария етті. Басқосуда 50-ден астам инновациялық жоба талқыланды.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров