Қазақстандық оқушылар білім олимпиадасынан жүлделі оралды
Қазақстандық оқушылар жеткіншектер арасында өткен халықаралық жаратылыстану ғылымдары олимпиадасында 6 медаль ұтып алды.
Жалпы ұлттық құрама сапында болған барлық білімді жас жүлдемен оралды.
Білімділер додасында үздіктердің қатарынан табылған Данияр Базарбай – Ақтөбенің тумасы. Бұған дейін де бірнеше олимпиадаға қатысқан. Негізгі бағытым – химия пәні, - дейді. Бұл жолы физика мен биологиядан да сынға түсіп, қола медальді иемденді. 10-сынып оқушысы енді ересектер арасында өтетін білім олимпиадасында күш сынап көруге ниетті.
Данияр Базарбай, халықаралық білім олимпиадасының жүлдегері:
- Шетелге оқуға түскім келеді. Корея немесе Американың жоғары оқу орындарын ойлап жүрмін. Әзір мамандықты таңдағаным жоқ. Бірақ ғылыммен айналыссам ба деймін.
Бангогта өткен жасөспірімдер арасындағы олимпиадаға ұлттық құрама сапында 6 оқушы аттанды. Данияр Базарбаймен бірге Өскеменнен Батыр Ержанұлы, астаналық Ілияс Қазымбек пен Альтаир Ақанов, Павлодардан Дария Бектұрсын мен Иван Рудик бар. Барлығы да бір-бір қола медальден именденген. Додаға шәкірт дайындаған ұстаздардың айтуынша, мұндай жарыста балалардың білімімен қатар психологиялық дайындығы да маңызды.
Ибраһим Бағдәулетұлы, Білім-Инновация лицейінің мұғалімі:
- Халықаралық олимпиадаларда көбіне психология көп рөл атқарады. Себебі сен басқа мемлекетке барасың, ұшып-қону энергия алады. Оған дейін жиын шаршатады. 15 күн жиын, іріктеу, стресс – оның барлығы. Сондықтан бала психологиялық мықты болу керек. Сол кезде ғана жақсы өнер көрсете алады.
Жеткіншектер арасындағы халықаралық жаратылыстану ғылымдары олимпиадасына биыл әлемнің 55 елінен 311 оқушы қатысқан. Жалпы 2004 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан додада Қазақстан құрамасы барлығы 2 алтын, 9 күміс, 42 қола медальді иемденді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.