Берлин Еуразиялық клубының отырысы өтті
Германияда Берлин Еуразиялық клубының 39-шы отырысы өтті.
Жиынға осы елдің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Ал еліміздің делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастап барды. Маңызды диалог алаңында қандай мәселелер талқыланды?
Берлин Еуразиялық клубының кезекті отырысында талқыланған басты тақырып ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты арттыру болды. Биылғы жыл екі мемлекет үшін ауқымды іс-шараларға толы, маңызды кезеңге айналды. Жоғары деңгейде келіссөздер өтіп, екіжақты сауда айналымы ұлғайды. Машина жасау, ауыл шаруашылығы және жасыл сутегі өндіру саласында жаңа жобалар іске қосылды.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- 2023 жыл қос ел үшін өте жемісті жыл болды. Германия Президенті Астанаға, біздің мемлекеттің басшысы Берлинге ресми сапармен барды. Мұның өзі қатынастың нығайғанын аңғартады. Сауда айналымы 10 айда 3 есеге өсті. Осы жолғы жиында екі ел арасында инновациялық ынтымақтасты күшейту қарастырылды.
Форумда саясаткер, ғалым, университет ректорлары мен іскер ұйым өкілдерінен құралған 100-ге жуық делегат бас қосты. Сарапшылардың айтуынша, экономика дамуы үшін білікті кадрлар қажет. Осы тұрғыдан алғанда Германияның инновациялық жобаларды қолдау тәжірибесі құнды. Неміс тарапы олармен бөлісуге әзірлігін білдіріп отыр.
Йенс Нойгебауэр, «Fraunhofer-Gesellschaft» халықаралық өкілдіктер мен кеңесшілер тобының жетекшісі:
- Қазақстан мен Германияның қарым-қатынасын нығайтуға деген ұмтылысы жыл сайын артып келеді. Қазір мемлекеттеріміз серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытуға күш салып жатыр. Біз қолданбалы ғылым саласында, әсіресе өнеркәсіпте қазақстандық әріптестерімізбен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз.
Мадияр Әбілов, «Qazinnovations» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бізге бүгінгі отырыс қызықты, жайлы. Осында, мысалы, Фраунговер деген институт бар Германиядағы. Солармен пікір алмасу, солармен бірге жұмыс жасау біз үшін қызықты болып табылады. Нақты атап өткенде, фарсайдтар бойынша, технологиялық болжамдар бойынша. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің соңғы Жолдауында осы тақырыпты атап өтті. Бізде қатты дамымаған. Ал Германия бүкіл дүниежүзінде венчурлық нарығы қатты дамыған елдердің қатарына кіреді.
Берлин Еуразиялық клубының 40-шы отырысы келер жылы Астанада өтеді. Неміс делегациясын Германия экономикасы Шығыс комитетінің басшысы Катрина Клаас-Мюльхойзер бастап келеді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Шолпан Найманбаева.