Алматыда Jana Beles студенттер фестивалі өтті

Алматыда Jana Beles /Жаңа белес/ студенттер фестивалі өтті.

Іс-шараның мақсаты жастарды қолдап, әр салада жетістікке жеткен белсенділердің еңбегін атап өту. Фестиваль асқақ арман мен үкілеген үміттің белгісі саналатын жастар бас қосып, тәжірибе алмасатын алаңына айналды. Қоғамның дамуына үлес қосып жүрген студенттер арнайы дипломмен марапатталды.

Студенттік өмірге белсенді араласқан жастар үздіктердің қатарынан көрінді. Жобаға Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Іс-шара Жастар саясаты басқармасының бастамасымен жүзеге асып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша фестивальдің мақсаты қоғамның дамуына аз да болса үлес қосып отырған қыз-жігіттерді ынталандыру.

Фархад Батырхан, Jana Beles фестивалінің жоба жетекшісі:

- Бұл жоба білім саласындағы және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін белсенді әрі жауапкершілігі мол студенттердің қатарын көбейтуге көмектеседі. Әртүрлі аталымдар бойынша марапаттадық. «Ең белсенді студент», «Ең белсенді мотиватор», «Ең белсенді тимбилдер» атанған жастар бағалы сыйлықтарға ие болды. Спорт саласында да жетістікке жеткен студенттер назардан тыс қалған жоқ.

Студенттер үшін бұл өздерінің қарым-қабілетін, көшбасшылық қасиеттерін шыңдайтын орын. Райымбек Пірәлі екі жылдан бері өзі оқитын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитетін басқарады. Жобаға келген білікті мамандар мен өзге замандастарынан біраз нәрсе үйренгенін айтады. 

Райымбек Пірәлі, Абай атындағы ҚазҰПУ Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы:

- Шыны керек бұл үлкен мүмкіндік студенттер үшін, таптырмас. Ол жерде барлық турлардан, тренингтар болды. Білім саласы болсын, волонтерлік болсын, командалық жұмыс, көшбасшылық, цифрлық кәсіпті дамыту деген сияқты үлкен проектарды қорғадық. Біздің университетімізде 17 мың студентіміз бар. Олардың барлығын енді қамту оңай емес. Сондықтан бізде 33 клубымыз бар.

Алматы жастар қаласы. Мұнда 30-дан астам жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оларда 200 мыңға жуық студент білім алып жүр. Басым бөлігі еліміздің өзге өңірлерінен келген. Сондықтан бұндай жобалар өте маңызды. Олар жастардың жатсынбай әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне және студенттердің әлеуетінің артуына көмектеседі.

Ұлан Нарынбек, Наргиза Такежанова, Мұхит Құдықбаев