Ғылымды өндіріске айналдырған ғалымдар
Елімізде танымал ғалымдар мен зерттеушілер аз емес.
Олардың ішінде жастардың үлесі 30 пайыздан асады. Барлығы ғылыми немесе академиялық деңгейді бағындырған. Оған қоса химия, биология, физика, ақпараттық технологиялар сынды дамушы елге аса қажетті саланы игергендер көп. Мысалы алматылық ғалымдар «заман ағымынан, ғылымның даму үрдісінен қалмау керек» деп санайды.
Ербол Сағатов Сәтпаев университетінде екі жылдан бері геология институтының лаборатория меңгерушісі боп еңбек етеді. Айтуынша күнделікті өмірде жиі пайдаланатын сұйық сабынды жасау өте оңай. Ғалым әріптестерімен бірге жаңа әдіс ойлап тапқан. Басты артықшылығы - өндірістік қарапайымдылығы.
Ербол Сағатов, Satbayev University лаборатория меңгерушісі:
- Біз «Қарапайым заттар ғылымы» концепциясы аясында жұмыс істейміз. Негізінен тұрмыстық химия саласында зерттеулер жүргіземіз. Басты мақсат – арзан әрі сапалы өнім дайындау.
Жаңа әдіс бойынша 45 минутта 5 литр сұйық сабын өндіруге болады. Сұйықтықтарды араластырып, ыстық бумен қыздырады. Содан кейін қалдық пен өнім екіге бөлінеді. Шағын зертханада бұдан бөлек терезе жуатын сұйықтық та жасалады. Ербол Сағатовтың айтуынша, ғалымдардың қолынан шыққан өнімдер дүкен сөрелеріне шығарылмақ.
Ербол Сағатов, Satbayev University лаборатория меңгерушісі:
- Біз енді зертханалық деңгейден өндірістік кезеңге өтеміз. Одан бөлек дәрілік өнімдерді синтездемекпіз. Осы салаға бет бұрып жатырмыз. Бұйырса, келер жылдан бастап дәрілік препараттарды синтездеуді бастаймыз.
Ал екінші ғалымның өнертабысы алматылықтарға жақсы таныс. Апорттың иісі аңқитын иіссудың авторы – Гүлжан Түзелбаева. Парфюмердің айтуынша, әр өнім 20 түрлі қоспадан жасалады. Бірқатарын Франциядан алса, қалғанын өзі жасайды. Зерттеулерді тоқтатпаған парфюмердің иіссулар саны да, сапасы да артқан.
Гүлжан Түзелбаева, парфюмер:
- Иіссулар табиғи өнімдерден алынады. Мысалы раушан гүлі, лимон, алмұрт және басқа да жемістер мен гүлдер. Қазір иіс беретін өнімдер түрі азайып барады. Сондықтан өзіміз өндірген тиімді болады. Осы зерттеулер арқылы отандық бренд жасағымыз келеді.
Ғалымдардың пікірінше соңғы кезде ғылымға бет бұрған жастар артқан. Ең бастысы - ғылымды тереңінен түсіне білген адам ғана аталған саланы дамыта алады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов, Сұлтан Бейсекенов