Қазақстандық оқушылар Бангкоктегі олимпиададан жүлделі оралды
Өткен аптада қазақстандық оқушылар Бангкоктегі жаратылыстану-ғылыми олимпиадасында қола жүлде алды.
Білім сайысына әлемнің 55 елінен 300-ден астам оқушы қатысты. Ел намысын Павлодардан 2 бала абыроймен қорғады. Дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің шәкірттерімен Ақмарал Есімханова кездесті.
Иван Рудик – талай халықаралық олимпиадаларда шыңдалған оқушы. Сол себепті Бангкокке аттанарда ешқандай қобалжу болмағанын айтады. Бұл жолы жүлдеге ілігетініне сенімді болған. Басты мақсаты ұстаздардың сенімін ақтау еді.
Иван Рудик, дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушысы:
- Олимпиадада түрлі елдің балаларымен араласып, бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Осындай сайыстарда жеңу үшін тынымсыз дайындық керек. Кешенді жұмыс атқырылуы тиіс.
Тағы бір қола жүлдегер Дария Бектұрсын химияны 5-сыныптан бері терең меңгеріп жүр. Болашақта медицина, химия-биология ғылымдарына бет бұрсам дейді.
Дария Бектұрсын, дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушысы:
- Бұл олимпиада менің таным көкжиегін кеңейтті. Өзім сияқты оқушылармен тілдесіп, тәжірибе алмастық. Саяхат та, олимпиада нәтижесі де көңілден шықты.
Білім додасының басты шарты әр оқушы биология, физика, химия пәндерін қатар меңгеруінде.
Анатолий Билида, физика пәнінің мұғалімі:
- Оқушыларымыз бұл олимпиадаға 15 жыл бойы қатысып келеді. Жыл сайын жүлде алады. Қазақстан намысын қорғау – зор жауапкершілік. Балалар мақсаттарына жетті. Дайындықтың нәтижесін көрсетті.
Ирина Синицина, биология пәнінің мұғалімі:
- Мұғалімдер оқушыларды жүйелі түрде дайындап, пәнаралық ойлау қабілетін дамытады. Себебі олимпиада бірнеше пәнді қамтиды. Шәкірттеріміз соңғы 7 жылда ел құрамасы сапында үздік нәтиже көрсетіп келеді.
Қысқасы, мектеп-лицейдің шәкірттері ұдайы үздіктер қатарында. Білім ордасының 200-ге жуық оқушысы жыл сайын халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлдесіз қалған емес.
Авторлары: Ақмарал Есімханов, Марат Игіліков.