Қырғызстанда Қорқыт ата университетінің филиалы ашылды
Бішкекте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филиалы өз жұмысын бастады.
Өкілдік Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің жанынан ашылып отыр. Екі елдің жоғарғы оқу орындары арасындағы байланыс жайлы біліңіздер.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті арасындағы байланыс осы жазда басталған болатын. 7 шілдеде көрші елдің маңдайалды жоғарғы оқу орнының бірінен қазақстандық университеттің өкілдігін ашу туралы Меморандумға қол қойылды. Ал ресми келісім желтоқсанда жасалды. Құжатқа сәйкес, қырғыз тарапы кабинет пен материалдық-техникалық базаны өтеусіз негізде ұсынады.
Майнұра Бөрібаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры:
- Келесі семестрден бастап білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын бастауды ұсынамыз. Яғни, Қырғыз ұлттық университетінің ұстаздары біздің университетке келіп, студент, магистрант және докторанттарымызға дәріс оқиды. Олар ғылыми мақалалар мен диссертация жазу тәжірибесі туралы шеберлік сыныптарын өткізеді.
Келісім аясында бірлескен ғылыми және білім беру іс-шаралары мен тағылымдамалар өткізіледі. Академиялық ұтқырлықты кеңейтуге ерекше назар аударылмақ. Бұл, сайып келгенде, студенттердің қызығушылығын арттырады, дейді қос тарап.
Жеңіс Бексұлтанов, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің проректоры:
- Қазақстанда көп жылдар бойы PhD докторантура жұмыс істейді. Біз, керісінше, осы бағыттағы алғашқы қадамдарды енді ғана жасай бастадық. Бұл тәжірибеге қызығамыз және оны да меңгереміз деген ойдамыз. Біздің ЖОО-ның Академиялық мәртебесін арттыру үшін қазақстандық университет сарапшыларының бағаларын алу маңызды.
Қазір Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде 28 мыңға жуық студент оқиды. Ал, Қорқыт Ата атындағы білім ошағында білім алушылар саны – 10 мыңға жуық. Келісімшарт бойынша, екі тарап та қос дипломды білім беру бағдарламаларын құруы тиіс.
Сымбат Молдатай, Бақыт Чермашев, «24.KZ», Қырғызстан.