Павлодардағы университетке неміс ғалымдары қымбат тарту жасады

Павлодардағы Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетіне неміс ғалымдары кешенді метеорологиялық станция және су потенциалын зерттейтін құрылғы сыйлады.

Оның біріншісі ауа райындағы өзгерістерді әр минут сайын деректер базасына түсірсе, екіншісі өсімдік пен ағаш тұқымдарын сақтап қалуға ықпал етеді. Жалпы су режимдерін өлшеуге арналған мұндай құрылғы Қазақстанда бұрын болмаған екен.

Бірегей ғылыми - зерттеу құрылғыларын Германияның Альберт-Людвиг атындағы Фрайбург университетінің ғалымдары әкелді. Бұл сол елдегі ең көне оқу орындарының бірі. Шетелдік мамандар құны 20 миллион теңге тұратын кешеннің мүмкіндіктерімен таныстырды. Мобильді құрылғыларды көлікке тиеп алып қалаған жерде зерттеу жүргізуге болады. Ғаламдардың айтуынша, ол қоршаған ортадағы өзгерістерді бақылауға таптырмас мүмкіндік.

Чоймаа Дуламсурен, биология ғылымының докторы, профессор (Германия): 

- Біз екі құрылғы әкелдік. Біреуі метеорологиялық станция. Ол ауаның температурасын, ылғалдылығын, желдің жылдамдығын, күннің радиациясын сонымен қатар топырақтың ылғалдылығын өлшейді. Алынған мәліметтер автоматты түрде компьютерге жазылады. Осылайша тұрақты түрде  метеорологиялық деректермен танысып отыруға болады.

Неміс ғалымдары Қазақстандық әріптестерімен өзара ғылыми ынтымақтастық орнатуға ниетті. Келешекте екі жақты бірлескен экологиялық жобалар жүзеге асады. Оған қоса Фрайбург университетінің қолданбалы экология және өсімдік шаруашылығы кафедрасының базасында Марғұлан университетінің мамандары тағылымдамадан өтеді.

Ермек Ғабдуллин, Марғұлан Университеті жаратылыстану жоғары мектебінің деканы:

- Атфосмераны, ауа райын зерттеу ғой былайша айтқанда. Мониторинг жүргізу, сараптама жүргізу. Қанша градусқа өзгереді. Жел қай жақтан соғады, желдің күші қандай? Оны қазіргі кезде интернет арқылы, яғни спутниктен да алуға болады. Ондай ақпараттарды. Ал жаңағы барокамераның жасайтынын оны сіздер спутниктен ала алмайсыздар. Көзбен көре алмайсыз. Тек қана қолмен жасап, жаңағы құрылғы  арқылы ғана сондай жұмыстарды атқаруға болады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Соңғы уақытта ауа райының жылынуы 1,5 градусқа дейін көтерілгені туралы айтылады. Климаттың өзгеріп жатқанын өзімізде сезіне бастадық. Ғалымдар ендігі жерде осы өзгерістерге  бейімделу жолдарын іздейді. Экологиялық өзгерістер бірінші кезекте өсімдіктерге әсер етеді. Жасыл желекті сақтап қалу үшін олардың құрамындағы су мөлшерін анықтау маңызды көрінеді. Неміс ғалымдары әкелген  барокамераларды оқу процесінде және ғылыми жобаларға кеңінен қолдану көзделіп отыр. 

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков