Алматыдағы жер сілкінісі: ғалымдар не дейді?

«Еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігі Оңтүстік Тянь-Шань сейсмикалық белсенді аймағымен шектеседі.

Бұл өңірде күшті жер сілкінісі жиі болып тұрады. Алматы тұрғындарын әбігерге салған түндегі тербеліс сол алыстағы жерасты дүмпулерінің жаңғырығы», - дейді Сейсмологиялық зерттеулер мен бақылаулар ұлттық ғылыми орталығының мамандары. Жаңғырық болса да түндегі тербелістің күші айтарлықтай болғаны рас. Оның себебі жерасты дүмпулерінің ошағы жер бетіне жақын – небәрі жеті шақырым тереңдікте болған. Сондықтан жер сілкінісінің қуаты Алматыда 5 балл болды. «Ал сілкініс ошағындағы қарқындылық 7 балдан асты», - дейді орталық басшысының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков. Толқындар Орталық Азия аймағына тез таралып, тіпті Каспий теңізінің жағалауына дейін жеткен.   

Нұрсәрсен Өзбеков, сейсмологиялық зерттеулер мен бақылаулар ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:

- Мұндай жер сілкінісінен қорқуға еш негіз жоқ. Мұндай жер сілкіністері бірнеше рет – 1987 және 1997 жылдары болған. Әсіресе 1997 жылы онда 6,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Ал Қашқар, Ақсу және басқа елді мекендерде көптеген шығын болды. Сол жер сілкіністері Алматыда 3-4 балл көлемінде сезілді. Оның қатты әсері болған жоқ. Сондықтан ошағы шалғайда жатқан мұндай жер сілкінісі алаңдатпайды.