Кореялық университет Алматыдағы мектеп-гимназиямен тәжірибе алмасады

Оңтүстік Корея университеттерінің бірі Алматыдағы №202 мектеп-гимзаниясымен тәжірибе бөлісетін болды.

Таңғы шық елінен келген өкілдер гимназия ұжымымен танысып, білім беру жүйесін жоғары бағалады. Ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойды. Халықаралық Чаншин университеті шетелдік мектептер туралы әлеуметтік желіде жазылған жағымды пікірлерге қарай таңдау жасаған. Кореялық оқытушылар ұстаздарға білім берудегі озық технологияларды үйретеді. Озат оқушылардың Кореяда тегін білім алып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасамақ. Мектепте корей тілі қосымша ретінде оқытылмақ.

Юн Санг Ван, университет өкілі /Оңтүстік Корея/:

- Чаншин университетінде 8 елдің 200 студенті оқып жатыр. Біз биыл осы шетелдік студенттер санын 500-ге жеткізу жоспарымыз бар. Сондықтан осы 202-мектеп-гимназиясын бітіріп жатқан, Оңтүстік Кореяда оқимын деген және арнайы тесттен өткен балалардың барлығын қабылдауға дайынбыз.

Болат Жанайханұлы, №202 мектеп-гимназиясының директоры:

- Көп тіл білген сайын, балалардың дүниетанымы, көкжиегі кеңейе түседі. Көп тіл білген баланың басқаларға қарағанда, бір адым, екі адым алға жүреді. Мүмкіндіктері көп болады деген мақсатта жұмыс жасап жатырмыз.