Оқушы жасаған қосымша
Түркістан облысында мектеп оқушысы «JARIQ» деп аталатын мобильдік қосымша ойлап тапты.
Жас өнер тапқыштың жобасы кең қолданысқа ие.
Одан бөлек, ол қоғамдық орындарда қонақтарға сусын ұсынатын «Қолқанат» роботының макетін құрастырды. 100-ден аса тілде қызмет көрсететін робот кез келген сұраққа жауап береді.
Түркістан облысында мектеп оқушысы «JARIQ» деп аталатын жасанды интеллект мобильдік қосымшасын ойлап тапты. Жас өнер тапқыштың мобильдік қосымшасы бүгінде кең қолданысқа ие. Одан бөлек, қоғамдық орындарда қонақтарға сусын ұсынатын «Қолқанат» роботының макетін құрастырды. 100 ден аса тілде қызмет көрсететін робот кез келген сұраққа жауап беруімен ерекшеленеді.
Сарыағаш ауданындағы №4 мамандандырылған мектеп-интернатының 10- сынып оқушысы Жансерік Камал 11 жасынан бастап смартфонның мүмкіндіктерін пайдаланып, сол арқылы табысқа қол жеткізе бастады. Биылғы оқу жылында «JARIQ» деп аталатын қосымшасы республикалық ғылыми жобалар конкурсында топ жарды. Бүгінде жас ғалымның мобильдік қосымшасын «Google Play Market»-тен жүктеп, мыңға жуық адам қолданады.
Жансерік Камал, оқушы:
- Қазір «JARIQ»-ты көптеген адам пайдаланады. Бұл қосымшаның негізгі мақсаты – барлық адамның уақытын үнемдеу. Менің бақылауым бойынша бұны көп оқушылар қолданады. Күнделікті өмірде, қосымша ақпарат, кітаптар іздеу барысында пайдаланатынын бақылап отырамын. Егер оқуға ерініп тұрсаңыз, қысқаша мәлімет сұрасаңыз болады.
Сусын ұсынатын робот
Бұл жас ғалымның алғашқы жобасы емес. Ғылым мен техникаға бой алдырған жасөспірім қонақтар мен туристерге сусын ұсынатын «Қолқанат» деп аталатын робот жасап шығарды. Роботты аппараттық және бағдарламалық платформа арқылы көптеген тілде сөйлей алатындай етіп жасаған.
Жансерік Камал, оқушы:
- Республдикалық ғылыми жобалар байқауында осы роботпен 3-ші орын алдым. Бұл роботтың негізгі мақсаты – қонақ үй, мейрамханаларда келген меймандарға сусын ұсынып, олармен сөйлесіп, олардың көңіл күйін көтеруге плюс бір элемент ретінде қарастырылады. Сосын бұл роботтың тағы бір жақсы жағы шетелдік туристерге ерекше әсер сыйлайтын, Қазақстаннан есте қалатындай дүние болады деп ойлаймын.
Сондай-ақ Жансерік өткен жылы «Сарыағаш туризм» қосымшасын іске қосады. Курорттық аймақ туралы толық ақпарат беретін қосымшаны да көптеген адам пайдаланатынын айтады. Ол да репспубликалық конкурста жүлделі орын иелеген. Әйтсе де, жас ғалым табыстан бұрын, білім мен ізденіске басымдық беріп отыр.
Тәңірберген Есенов, мектеп-интернат директорының орынбасары:
- Қабылеттінің ашылуына ұстаздарының да еңбегі орасан. Оқушыны шығармашылық сайыстарға дайындауда пәндік білімде өте маңызды жоғары орынға ие деп есептеймін. Өте қабілетті, шығармашыл, әрдайым түрлі ойларда жүреді. Қандай да бір жаңалық ашқысы келеді, қоғамға ыңғайлы, тиімді өзінің жобаларымен үнемі ізденісте жүретін оқушы.
15 жасар Жансерік өзі сынды оқушыларға арналған интелектуалды ойын жасап шығаруды қолға алған. Жас ғалымның басты арманы – аяқталмаған 100-ден аса жобасын сәтті іске қосып, ғылым мен техниканың тылсым тұстарына ден қою. Алдағы уақытта осы арманын міндетті түрде мақсатқа айналдыратынын айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов