Кітап басып шығарудың жаңа ережелері енгізіледі

Баспагерлер бұдан былай бестселлерге айналған әлемдік әдебиет туындыларын мемлекеттік тапсырыспен басып шығара алады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап басу ісіне қатысты жаңа ережелерді енгізбек. Бұл туралы министр Аида Балаева фэйсбуктегі парақшасында жариялады. Жаңа кітапты басып шығару өтінімдері жылына екі рет қабылданады. 

Құжаттарды тексеруге 10, қоғамдық талқылауға 15, арнайы тәуелсіз комиссияға 15 күн және сарапшылар қорытындысын жариялауға екі ай беріледі. Сонымен бірге жаңа әдеби туындыларға грант тағайындалмақ. Яғни қаламгер туындысының бір парағына ең төменгі алты жалақының мөлшерінде қаржы төленеді. Мәселен, 160 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаламақы беріледі. Грантты министрлік жанынан құрылған сараптамалық комиссия тағайындайды. Ал кітапты басып, тарату автордың өз еркіне қалдырылады. Егер туынды көп сатылса, әрі қарай оның басылымын мемлекет өз мойнына алады. Сондай-ақ сараптама комиссиясының әдебиеттерді оқып, қорытынды пікір жазу уақыты екі айға қысқаратындықтан шығарманың күрделілігіне қарай өтемақы көлемі екі есе ұлғайтылады.