Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 53 мектеп салынады
Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша келер жылға дейін 53 мектеп салынады.
Халық тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында үш ауысымдық 39 мектеп бар. 11 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Жалпы облыста үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығын жою мәселесіне инвесторларды тарту қолға алынып жатыр. Былтыр өңірде 10 мектеп инвесторлардың көмегімен салынған.
Гүлмира Уальбаева, Білім басқармасының бөлім басшысы:
- 9 мектеп инвесторларды тарту арқылы салынды. Оның ішінде бүгінгі күнде 5 мектеп берілді. Ол жаңағы Іле, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында және 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады және осындай жұмыстардың арқасында үш ауысымды және оқушы орнының тапшылығын жою көзделіп отыр.