«Жайлы мектеп». Екі жылда 369 мектеп салынады
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ҚР Үкіметінің отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асыру барысы туралы баяндамасында айтты.
Жалпы ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті (2025 жылы – 152) қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерлерде салынады, – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен арнайы қаржы қарастырылған.
Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлу көзделген (2023 жыл – 500 млрд теңге, 2024 жыл – 976,3 млрд теңге, 2025 жыл – 909,4 млрд теңге). Оның ішінде былтыр «Самұрық-Қазына Констракшнге» тиісті көлемде қаржы аударылды (500 млрд теңге), – деді Ғани Бейсембаев.