«Жайлы мектеп». Жаңадан салынатын мектептерге қойылар талап қандай?
Оқу-ағарту министрлігі заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітті.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты.
Жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптар:
Бірінші, 7-жобалық қуаты бойынша мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді;
Екінші, эргономиканың талаптарына сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде білім алушылар мен педагогтердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі бекітілді;
Үшінші, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды;
Төртінші, қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылды (ЖБО-ға шығатын цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде бұғаттау), лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді;
Бесінші, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру қарастырылды;
Алтыншы, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді;
Жетінші, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша гардероб қарастырылды.
Былтыр қазан айында Министрлік ұлттық жобаға «Атамекен» ұлттық палатасының және салалық қауымдастықтардың ұсыныстары ескерілген отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шараларды енгізді. Оған сәйкес:
- Жайлы мектептерге қажетті жиһаз «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміне енген отандық өндірушілерден ғана сатып алынатын болады;
- Мектеп құрылысында оның ішінде сыртқы қасбеттерде жергілікті өндірушілердің өнімдері пайдаланылады, сондай-ақ тиімді шарттарға негізделген алдын ала келісімшарт жасау тәсілі қолданылады.
Ұлттық жоба ең алдымен білім беру сапасын қамтамасыз етуге және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігіне ықпал етуі тиіс. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі:
- «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жайлы мектептер үшін жаңа буын директорларының корпусын іріктеуді қолға алды (бүгінгі таңда 208 резервист анықталды);
- Жаңа мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету үшін жас кадрлардың және тәжірибесі бар мұғалімдердің біліктілігін арттыру жолымен педагогтер базасы қалыптастырылуда;
- Еліміздің жетекші мектептерінің (НЗМ, БИЛ, РФММ) тәжірибесі негізінде оқу процесінің мазмұнын жетілдіруге бағытталған білім беруді ұйымдастырудың жаңа моделі әзірленуде.
Сондай-ақ жайлы мектептердің құрылысы 3 тәсіл арқылы жүзеге асырылады:
І. «Самұрық-Қазына Констракшн» арқылы мектептердің нысаналы құрылысын салу (359 мектеп);
ІІІ. Әкімдіктердің жеке инвесторлардан дайын ғимараттарды тауар түрінде сатып алуы – 9 мектеп (Алматы – 8, Астана – 1);
ІІІ. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде мектептер салу (Алматы – 1);
Министрлік ұлттық жобаны іске асыруға жеке инвестициялар тарту мақсатында мектеп салудың жаңа 4-тәсілін әзірледі.
Бұл тәсіл жеке инвестор және жетекші білім беру ұйымы қатысатын консорциум құру арқылы іске асырылады.
4-тәсілді іске асыру кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы және кейінге қалдырылатын міндеттемелер есебінен бюджетке жүктеме азаяды және құрылыстың қымбаттау тәуекелдері болмайды. Инвесторларды іріктеуді әкімдіктер конкурстық негізде жүзеге асыратын болады, – деді министр.