Отандық ғалымдар жасанды мұрын жасап шығармақ
Отандық ғалымдар «электронды мұрын» шығармақ.
Еуразия ұлттық университетінің мамандары экологиялық мониторинг үшін бұл жобаны Ресейдің «Сколково» зерттеушілерімен бірлесіп жасап жатыр. Нанотехнология мен жасанды интеллектін біріктіре отырып жасалған өнім толығымен келер жылы дайын болады.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Бұл «е-мұрын». Адамның мұрыны қалай иіс сезетін болса, «электронды мұрын» дәл солай иістерді ажырата алады. Болашақта үйлеріңізге орнатып алуға болады. Отандық ғалымдардың бұл туындысы адамға зиянды кез-келген иістерді бірден ажыратады.
Мұрын деген аты болмаса, заты кішкента ғана чип. Иісшіл «электронды мұрын» жасанды интеллектің көмегімен көп қызмет атқарады. Экологиялық жағдайды бақылаудан бастап, өнімнің сапасын анықтап, түрлі газ исін ажырататын мүмкіндігі бар. Мамандар болашақта қоршаған ортаны бақылау жүйесінің баламасы ретінде пайдаланбақ. Тіпті алып зауыттардан бастап, балабақшаларға дейін орнатуға болады, дейді.
Дина Сатыбалдина, ғылыми жоба жетекшісі:
- Жасанды иіс сезу жүйелері жоғары мамандандырылған салаларда қолданылады. Бір «электронды мұрынды» әртүрлі зерттеу нысандарына және түрлі мақсаттарға қолдану арқылы нәтижелерге қол жеткіздік. Пластмассалардың да иісін анықтау үшін зерттеу жүргіздік. «Электронды мұрын» тіпті кей адамдардың мұрынына қарағанда сезімтал екені белгілі болды. Адамдар иісті анықтай алмаған жерде, біздің құрылғы оны жоғары дәлдікпен ажыратты. Демек, бұл процесті толығымен автоматтандыруға болады.
Бұл құрылғының әлемдік баламасы бар. Алайда оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Әрі қымбат. Ал жергілікті ғалымдардың бұл құрылғысы кез келген иісті жылдам бағалап, зерттеуге бейім. Себебі бұған дейін ғалымдар тәжірибе ретінде еліміздің 8 кен орнынан мұнай алып, зерттеп көргенін айтады.
Жанар Ахметова, ғылыми қызметкер:
- Біз аталған құрылғы мен бірнеше эксперименттер, тәжірибелер жасап көрдік. Сол тәжірибе жақсы нәтиже қол жеткізді. Яғни жақсы нәтижелер көрсетті. Мысалға Қазақстанның бірнеше өңірлерінде топырақтың мұнаймен ластануын зерттедік. Сол кезде бізге тек топырақтың ластануын ғана көрсетпей, сонымен қатар қандай қоспасы бар екенін 97 пайыз дәлдікпен анықтап берді.
Жасанды иіс сезу жүйесі заттың химиялық құрамын ажыратып берілген ақпаратты дәлдікпен сақтап отырады. Ғалымдар «электронды мұрынды» енді патентеп алмақ. Жоба туралы әлемдік ғылыми журналдарға мақала да жарық көрген.
Айнұр Қуатқызы, Камшат Атабаева, Жарқын Өрден