Журналист Болатбек Төлепбергеннің шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтті
Алматыда белгілі журналист, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті.
Шараға шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты жиында қаламгердің 3 жаңа туындысының тұсауы кесілді. Кешке жиналған зиялы қауым өкілдері жазушы туралы өз ойларын ортаға салды.
Пернебай Дүйсенбин, жазушы:
- Болатбек мектепте өте жақсы оқыды. Мектепті күміс медальмен бітірді. Мектепте оқып жүрген кезінен ол өзінің зиялы адам болатындығын, алғыр болатындығын көрсете білген азамат болды. Бір ғана фактісін айтайын. Москваға саяхат жасаған кезде мұғалімді ерітіп барып Ваганьков деген зиратта жатқан Ғани Мұратбаевтың зиратына барып, соның рухына тағзым еткендігінен көруге болады. Біз сол кезде риза болғанбыз. Ол небәрі 9-класта оқитын еді.
Нұржан Қуантайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Өз қатарының озық қаламгері ретінде жас кезінен көзге түскен. Қазір 20 шақты жинақтың авторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі ретінде одақтың жұмысына араласып, көркем проза мен деректі прозаны қатар алып келе жатқан қаламгеріміздің бірі.