Шетелдік студенттер Абай әндерін жатқа біледі
Көкшетауда білім алатын шетелдік студенттер қазақ тілін үйреніп жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Тіпті кейбірі Абай шығармаларын жатқа біледі. Енді олар қазақтың музыкалық аспаптарына да ден қоя бастаған.
Пәкістаннан келген Файз Әли музыкаға бала күнінен ғашық. Сабақтан тыс уақытында вокалға барады. Қазақ әндерімен қоса домбыра тартуды үйреніп жүр. Әсіресе Абайдың шығармашылығына қатты әуес. Өлеңдерін оқып, әндерін айтады.
Файз Әли, студент:
- Қазақ тіліне деген қызығушылық бірінші курстан басталды. Қазақ тілі сабағы маған ұнады. Мен университеттегі вокал студиясына жазылдым. Маған Абай Құнанбаевтың әндері ұнайды. «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін айтып, көптеген облыстық, қалалық байқауларға қатыстым.
Ал Сабрина Мухабатидің Көкшетауға келгеніне екі ай да өткен жоқ. Соған қарамастан қазақша 300-ге тарта сөз жаттап алған. Қазақ тілі мен парсы тілінің ұқсастығы көп. Сол себепті тіл меңгеру аса қиынға соқпады, – дейді.
Сабрина Мухабати, студент:
- Маған Қазақстанда оқу ұнайды. Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Қазақ тілі – өте бай тіл. Қазақ және парсы тілдері өте ұқсас.
Анар Боқаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы:
- Біз өзіміз бірінші ағылшын тілін оқып алдық. Сосын ағылшын тілімен салыстыра отырып, оларды қазақ тіліне үйретіп, қызықтыра оқытамыз. Оның үстіне біз көбіне коммуникативті дағдыларын дамытуға баса көңіл бөлеміз. Біз ең бірінші сөздерді жаттатқызамыз. Сол сөздерден сөз тіркестерін құрастырамыз. Содан сөйлем құруға үйретеміз.
Шетелден келетін студенттердің дені медицина кафедрасында білім алады. Болашақ дәрігерлердің сөзінше, қазақстандық білім жүйесінің мәртебесі жоғары. Себебі университеттердегі оқу бағдарламасы жылда жаңартылып, заман ағымынан қалмайды.
Светлана Мұратбекова, Жоғары медицина мектебінің директоры:
- Бізде 757 бала оқиды. Соның 331-і ағылшын тілінде білім алады. Шетелдік студенттердің 95%-і Үндістаннан келген. Бангладеш, Пәкістан мен Ауғанстанның балалары да бар. Осы студенттердің 8-і «Болашақ» бағдарламасы аясында оқып жатыр.
Биыл университет ұстаздары шетелдік студенттер үшін қазақша оқулық құрастырды. Соның көмегімен тілді тез арада меңгеріп алуға болады, – дейді оқытушылар. Қазір университетте әлемнің 16 елінен 500-ге тарта студент білім алады.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренка.