Атырау облысында робототехникаға қызығушы жастар көбейді
Атырау облысында робототехникаға қызығушы жас көбейді.
Бүгін республикалық жарысқа іріктеу кезеңіне 100-ден аса жас өнертапқыш қатысты. Қазір өңірдегі мектептер робототехника кабинетімен жабдықталған. Соның арқасында мұндай сайыстарға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді.
Айша Спандияр робототехника байқауына қатысу үшін Исатай ауданынан келген. Сыныптасы Беколжас екеуі жаңа оқу жылынан бастап робототехника саласына қызыққан. Жаңа инновациялық жоба дайындап, елдің кәдесіне жарату- арманы.
Айша Спандияр, қатысушы:
- Бұл Лего ЕВ3 жиынтық роботы. Біз оны инверстік сызық арқылы жүргіздік. Және оған арнайы бағдарламасы бар. Осы жарысқа дайындалуға 15 күндей уақыт кетті. Біз 4-сыныптан бері айналысып келе жатырмыз.
Даниэель Урам да досымен бірге бүгінгі жарысқа өз туындысын әкелді. Берілген тапсырма бойынша мына шағын робот түзу сызықтармен жүріп өтіп, арнайы тапсырманы орындауы керек. Даниэельдің роботы сыннан сүрінбей өтті. Енді республикалық байқауда бақ сынайды.
Даниэль Урам, қатысушы:
- Біз 8-сыныптан бастап қызығушылығымыз болды. Ең маңыздысы республикалыққа өту. Біз республикаға мықты боп барамыз. Қаттырақ дайындаламыз.
Робототехникадан республикалық байқауға іріктеу кезеңіне 100-ден аса оқушы қатысты. Олар 7 бағыт бойынша бақ сынады. Үздіктері республикалық байқауда облыс намысын қорғайды. Өңірге белгілі мамандар жас өнертапқыштарға бағыт-бағдар береді.
Асқар Алдан, ұйымдастырушы:
- Жалпы қызығушылық көп. Бұл чемпионат іріктеу кезеңі балалардың қызығушылығын арттыру үшін, техникалық дағдыларын дамыту үшін, робототехникадан білімдерін дамыту үшін арналған. Балалар бірінші роботты құрастырып, сосын бағдарламасын жазады. Робот тапсырманы орындап шығуы керек. Республикада да сондай тапсырма болады.
Қазір облыс орталығы ғана емес, аудандардағы оқушылардың да деңгейі жоғары, дейді ұйымдастырушылар. Робототехника байқауына қатысушылардың жыл сайын артуы саланың қарқынды дамып келе жатқанына дәлел.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин