Қазақстан студенттері өзбек қалаларын аралап көрді

Астанадағы қазақ заң университеті, осындай атаумен саяхат ұйымдастырып, студенттердің тарихи танымын кеңейтіп келеді.

Биыл бастама көршілес мемлекеттерде жалғасын тапты. Бұған дейін Тараз, Шымкент, Түркістан сынды көне қалаларда болған топ биыл Өзбекстанға бет бұрды.

Астанадағы заң университеті шәкірттерге теориялық қана емес, танымдық білім беріп келеді. Бірнеше жыл бұрын «Жібек жолы ізімен» арнайы экспедициясы қолға алынып, еліміздің киелі жерлеріне саяхат жасалған. Енді жастар Ташкент пен Самарқанды бетке алып отыр. Бұл жолы сапарға өзбекстандық дипломаттар да ұйытқы болған.

Әмина Қадырбаева, студент:

- Біз негізі Қазақстан тарихы пәнінен экскурсияға келген болатынбыз. Оған жүздеген адам сайт толтырып жіберді. Соның ішінен 35 адамды ғана алып келді. Мен 35 адамның ішінде болғаныма қуаныштымын. Өйткені көптеген дүниені білдік. Ташкентті басқа қырынан көрдік десек те болады.

Қазақ жастарының Ташкенттегі сапары мемлекеттік заң университетінен басталды. Оқу орны орналасқан ғимарат өткен ғасырлардың куәсі іспеттес. Бір кездері мұнда ерлер гимназиясы болған. Білім ошағында алаш арысы Мұстафа Шоқай тәлім алған. Жалпы қазақ пен өзбек тамырлас халықтар, ал Жібек жолы бойындағы қалалар ежелгі сауда керуендері арқылы біте қайнасып жатыр.

Лепуда Мұқатаева, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Кейінгі 10 жыл бедерінде студенттерімізді Қазақстанның қаншама киелі жерлеріне алып бардық. Айталық, батыста – Бекет ата кесенесі, Бозжыра, Шерқала, шығыста – петроглифтер мен Берел қорғаны. Оңтүстікте – көне жерлеріміз бар. Мұның бәрі студенттердің қалыпты дәрісіне өзгешелік енгізеді. Тек теорияға сенім артпай, танымдық бағытта білім бергенді жөн санадық. Енді міне ежелгі Жібек жолы ізімен Өзбекстанның қалаларына да келіп отырмыз.

Екі елдің заң университеттері қос диплом бағдарламасын іске қосқан. Биыл алғашқы түлектері диплом алмақ.

Айта кетейік, 30-дан аса қазақ студентін Өзбекстанға оқытушы-профессорлар бастап келді. Олар алдағы күндері қазақ пен өзбектің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін көне нысандарды аралап, бабалар мұрасымен танысады.

Рауан Мыңбаев, 24.KZ, Өзбекстан