«KazSat-3R» жер серігі ұшырылуы мүмкін

«KazSat-2» жерсерігін пайдалану мерзімі осы жылы аяқталады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы республикалық ғарыштық байланыс орталығының қызметкерлері хабарлады.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, «KazSat» үлгісіндегі отандық жер серіктерінің техникалық мүмкіндігі әлі бірнеше жылға жетеді.

Бұл – Ақкөл қаласындағы ғарыштық байланыс орталығы. Отандық жер серіктері осы жерден басқарылады. Жалпы «KazSat-2» жасанды жер серігінің орбитаға жіберілгеніне биыл 13 жыл.

Нұркен Исмаилов, Ғарыштық байланыс орталығының жетекші инженері:

- Мақтаныш, әрине, бар. Өйткені көп елде мұндай ғарыш аппараттары жоқ. Бізде, мысалы, біреу емес, 2 ғарыш аппаратымыз бар. Тағы да болады деген үміттеміз. Алыстағы немесе тауда орналасқан көп байланыс түрі жете қоймайтын ауылдарға ғарыштық байланыс береміз. Телевидение береміз.

Ақкөлмен қатар Алматы облысының Көктерек ауылында да басқару кешені бар. Олардың жұмысы Қазақстанмен бірге Орталық Азияны қамтиды. Бүгінде «Kazsat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесінде KazSat-2 және KazSat-3 жасанды жер серіктері қызмет етеді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бүгінде заманауи ғарыш технологиялары барлық салада қолданылады. Атап айтсақ, Жерді қашықтан зондтау, ғарыш мониторингі тағы бар. Осыған дейін оптикалық құрылғылар пайдаланылып келсе, алдағы уақытта радарлық аппараттар жүйеге енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Айдын Айымбетов жыл басында «Қазақстан-Жапония» бизнес форумында тілге тиек етті.

Ұлттық ғарыш орталығы басқармасының төрағасы Айдын Айымбетов радарлық технологияның артықшылығын айтып, қандай салаларда пайдаға жарайтынын түсіндірді.

Айдын Айымбетов, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Оптикалық құрылғы тек күндіз және аспан ашық кезде жұмыс істей алса, радарлық жүйеге түнгі уақыт пен бұлтты ауа райы кедергі емес. Радиоимпульс арқылы қызмет етеді.  Өкінішке қарай, қазір еліміздің су арналары мен су қоймаларының тозығы жеткен. Өзендер мен көлдерді, ағыстарды, судың табиғи әрі жасанды бағыттарын, булануын және ауыл шаруашылығында қолдану мөлшерін ғарыш мониторингі арқылы бақылай аламыз.

Алдағы уақытта «KazSat-3R» жер серігі ұшырылуы мүмкін. Бірақ ол үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағын жаңғырту керек, – дейді Сенат депутаттары.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кейінгі жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағында коммерциялық ұшулар тоқтады. Соның салдарынан сұраныс төмендеді. Осы кешеннің қабілеттілігін сақтап қалу, жұмыс орындарын құру және ұлттық мамандар корпусын қалыптастыру мақсатында «Бәйтерек» жобасын іске асыруды жалғастыру қажет. Аэроғарыш жобаларының ұзақ мерзімдері, қаржыландырудың жеткіліксіздігі кадрлардың басқа салаға ауысуына және шетелдерге жаппай кетуіне әкеліп отыр.

Сенатордың айтуынша, Қазақстан ғарыштық әлеуетін толық пайдаланбай отыр. Бөлінетін қаржы да жыл өткен сайын қысқарып, сала құрдымға кетуге жақын. Кейінгі онжылдықта аэроғарыш саласын дамыту бойынша бір де бір мемлекеттік бағдарлама қабылданбаған.

Бұлай жалғаса берсе, «KazSat-3R» жасанды жерсерігін ұшыру тоқтап қалуы ғажап емес, – дейді Ғалиасқар Сарыбаев. Жоспар бойынша «KazSat-2» 2026 жылға дейін, ал «KazSat-3» 2029 жылға дейін жұмыс істейді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев, Ержан Қанапияұлы.