Қ. Сәтбаевқа ескерткіш қойылды
Бүгін қазақ халқының тұңғыш академигі, әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл.
Айтулы күнге орай зиялы қауым өкілдері, ғылыми қызметкерлер дара тұлғаның ескерткішіне тағзым етіп, гүл қойды. Сондай-ақ Еуразия ұлттық университетінде заңғар тұлғаға арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Мерейтой академикке арналған тас мүсіннің ашылу салтанатымен басталды. Ескерткіш Қаныш Сәтбаев көшесінде орналасқан ұлттық университеттің бас ғимаратының алаңына орнатылған. Қазақтың біртуар тұлғасын еске алу мақсатында «Ғаламдық деңгейдегі тұлға» көрмесі де ұсынылды. Онда ғалымның туған жерінен жеткізілген құнды жәдігерлер қойылды.
Ерлан Сыдықов, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:
- Қазақ ғылымының атасы – Сәтбаев. Алғашқы академигіміз, алғашқы Қазақ ғылым академиясының төрағасы. Міне, сол кісінің 125 жылдық тойына сәйкес белгіленген Қазақстан ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл ғылымға деген көзқарас, ғылымға деген қолдау әрқашанда мемлекет тарапынан болып тұру керек. Кез келген бәсеке, білік, дәреже мемлекеттің ол ғылымының дамуына байланысты. Өйткені ғылымның жетістігі адамның кез келген өмірінің қай бағыты болмасын әсер етеді.