Қазақстандық судьялар білімін Германияда жетілдіреді
Қазақстандық судьялар енді білімін Германияда жетілдіреді.
Жуырда Берлинде Қазақстанның сот әкімшілігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германияның Шығыс құқық институты осындай меморандумға қол қойды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай кәсіби тағылымдамалар, Германияның озық тәжірибесін қабылдауға және қазақстандық сот жүйесінің, жұмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Келісім бойынша жыл сайын біздің елден 60 маман Германияда тағылымдамадан өтеді. Оқу "Болашақ" халықаралық бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Судьялар білімдерін Висмардағы Шығыс құқығы институтында жетілдіреді. 1 айлық оқу барысында олар теориялық білім алып қана қоймай, жергілікті сот жұмысымен танысады.
Наиль Ахметзакиров, ҚР Сот әкімшілігінің жетекшісі:
- Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Себебі бүгін талқыланған кодекс неміс моделінің принциптері негізінде жасалынды. Дәл осы жердің тағылымдамадан өтетін орын ретінде таңдалуы да сондықтан. Жалпы, менің ойымша, білім – адамға қажетті ең маңызды капитал деп санаймын.
Андреас Штайнингер, Висмар шығыс институтының басқарушы директоры:
- Бұл біздің институттар, әкімшіліктер мен елдер арасында кооперация құруға жақсы негіз болады. Профессор ретінде дәрісті өзіміз береміз. Арасында орыстілді мамандар да болады. Сонымен қатар Германияның Жоғарғы сотында қызмет ететін судьяларды шақырамыз. Олар өз тәжірибелерімен бөліседі. Меніңше, халықаралық тәжірибе қашан да маңызды. Өз басым, Францияда, Ұлыбританияда білім алдым. Сондықтан өзге халықтардың қалай жұмыс істейтінін көру қажет.
Берлинде Қазақстан Жоғарғы Соты мен сот әкімшілігінің мүшелері Орталық Азия елдеріндегі құқықтық реформалар жөніндегі конференцияға да қатысты. Біздің делегация Германияның саяси және экономикалық топтарының өкілдерімен Қазақстанның сот жүйесіндегі реформаларды талқылап, әкімшілік әділет саласында қол жеткізген нәтижелерін таныстырды. Бүгінде Қазақстанда даулардың 60 пайыздан астамы жеке тұлғалар мен бизнестің пайдасына шешіледі. Мұндай көрсеткіш инвесторлар алдында біздің елді тартымды етеді дейді сарапшылар.
Аслан Түкиев, ҚР Жоғарғы соты әкімшілік алқасының төрағасы:
- Германиядағы әріптестерімізді әкімшілік әділетті енгізу нәтижелері қызықтырды. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда қабылданған әкімшілік заңнамаға негіз ретінде неміс тәжірибесі алынған. Біз соның нәтижелерін көрсеттік. Кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың атынан келіп түскен арыз-шағымдардың қанағаттандырылуы 4 есеге артып, көрсеткіш 60 пайыздан асты. Біз бұған дәлел болатын нақты істерді көрсеттік. Оның ішінде әкімшілік соттарда қолдау тапқан неміс инвесторларының істері де бар.
Қазақстандық судьяларды Германияда оқыту биыл басталады. Сарапшылардың пікірінше, кәсіби тағылымдамалар Германияның озық тәжірибесін қабылдауға және қазақстандық сот жүйесінің жұмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Шолпан Найманбаева, Павел Рубан