Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына қолдау қажет
Еліміздегі жалғыз Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына қолдау қажет.
Себебі қаржылық қиындыққа тап болған мекеме мамандары ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр. Ал институт басшылығы коммуналдық төлемді төлеу үшін аумағындағы қоймаларды жалға беріп жүр. Бүгінде күрделі жөндеу көрмеген лаборатория ғимараттары әбден тозған.
Нұрлан Балғабаев соңғы 15 жылдан бері Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу интститутында жұмыс істейді. Ғалым мекеменің республикалық бюджеттен бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы арқылы 3 жылға ақша алатынын айтады. Сол бюджет қаржысына жоба жасайды, ғылыми қызметкерлер соның есебінен жалақы алады. Бірақ бұл конкурсты ұтудың өзі жарты жылға созылады екен.
Нұрлан Балғабаев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
- Министрлік конкурс жариялайды, бір ай уақыт береді, біз дайындаймыз. Одан кейін жібереміз. Олар формалды немен тексереді. 2 шетелдік сарапшы, бір өзіміздің Қазақстанның сарапшысы, олар да ұзақ қарайды, 1-1,5 айдай қарайды, созылады. Сол сарапшылардың балы 25 балдан төмен болса, біздің жобаларымыз одан әрі қарай жүрмейді. Ал енді 25 балдан жоғары алсақ, енді келесі кезеңде Ұлттық ғылыми кеңес деген бар. Соған өтеді. Сол Ұлттық ғылыми кеңестің өзі де біраз уақыт алады.
Тәуелсіздік алған жылдары мекемеде 300 ғылыми қызметкер жұмыс істеген. Қазір олардың 100-і ғана қалды. Ғылым ордасы оның өзіне жалықы тауып бере алмай, мамандарының 25%-ін ақысыз демалысқа жіберген.
Мерей Бает, тілші:
- Ғылыми-зерттеу институтының басшылығы мекеменің күтіп-баптау және де ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы табу үшін аумағындағы бірнеше цех пен мына сынды қоймаларды жалға беруге мәжбүр. Олардың бірінде көлік жөндеу орталығы орналасса, мына біреуінде картон өңдейтін жеке кәсіпкерлік жұмысын жалғастырып жатыр.
Нұрлан Балғабаев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
- Соның ақшасына біз жаңағы мынау инфрақұрылымды ұстап тұрамыз. Газға төлейміз, жарыққа төлейміз, тағы жылуға төлейміз. Оған бізге мынау министрліктен, бар жақтан ондай ақша жоқ, берілмейді. Біз өзімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз керек.
70 жыл бұрын құрылған иституттың техникалық базасы ескірген. Ғимараттары тозып тұр. Ғалымдар 3-4 миллиард теңгеге жаңа құрылғылар мен автомашиналар қажет екенін айтады. Жалпы мекеме егемендік алғалы 4 министрлік пен біршеше бірлестік құрамында болды. Былтыр жаңа құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі құрамына кірді. Ал ведомство өкілдері жаңғырту жұмыстарына енді көңіл бөлмек.
Мүслім Жиенбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент директоры:
- Егер олар конкурс қаржысы немесе басқа кірістері арқылы ғимараттарға қайта жөндеу жұмыстарын жөндей алмаса, біз бұл мәселені қарап көреміз. Дегенмен алдымен зердеуіміз қажет. Ал осы уақытқа дейін ғылыми атағы барларға мемлекет үстемақы төлеп келген болса, енді ғылыми дәрежесі бар қызметкерлерге де осындай жалақы тағайындау қарастырылып жатыр.
Министрлік өкілі жаңғырту жұмыстары мен материалдық-техникалық базаның нақты қашан жаңартылатынын айта алмады. Ал ғалымдар: «тек Тараздағы емес, елдегі барлық ғылыми институттардың жағдайы бір», – дейді. Себебі барлығы ғылым туралы заң аясында қаржыландырылады екен. Сондықтан жауаптылар ғылымға қаржы бөлінбей, жаңашылдықтың болмайтынын ескерсе игі.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.